04.01.2024 | 14:52
Бөлісу:
Астанада олимпия ойындарына арналған штаб ашылды
Бүгін Туризм және спорт министрлігі жанынан Канвондо-2024 қысқы жастар Олимпиадасы мен Париж-2024 жазғы Олимпиада және Паралимпиадасына дайындық бойынша штабтың ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
2023 жылғы 13 желтоқсанда спорт сарапшыларының қатысуымен аталған ойындарға Ұлттық құрама командаларының жұмысын ұйымдастыру бойынша штаб құру туралы министрліктің бұйрығы қабылданған.
Штаб Мемлекет басшысының Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті және спорт федерациялары бірлесе жұмыс істеу керек деген тапсырмасын орындау мақсатында құрылды. Штабтың негізгі жұмысы – спортшылардың алдағы жарыстарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету. Штаб барлық кешенді жарыс аяқталғанға дейін тұрақты жұмыс істейді.
Штабтың құрамында 6 адам бар:
1. Елсияр Қанағатов – ҚР ҰОК спорт департаментінің директоры;
2. Серік Сәпиев – ҚР ҰОК Бас хатшысының орынбасары;
3. Диас Ахметшәріп – қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөнінде министр кеңесшісі;
4. Әлия Нұрсафина – Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК көркем гимнастикадан команда басшысы;
5. Нұрсұлтан Алдоңғаров – Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК спорттық өрмелеуден команда басшысы;
6. Бектұр Қиятбай – «Ұлттық конькишілер федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің спорттық директоры.
Іс-шараға Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері және биылғы әлем біріншіліктері мен халықаралық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері, спорт журналистері қатысты.
Жиында сөз алған Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев 2023 жыл ел спорты үшін сәтті жыл болғанын, жерлестеріміз халықаралық ареналарда жарқын жеңістерге қол жеткізгеніне ерекше тоқталып, келер жылы өтетін байрақты бәсекелерге дайындық барысын баяндады. Мәселен, биыл елімізде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына ауқымды дайындық өткен жылы басталды. Мемлекет басышысы бірер күн бұрын «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз», деп атап өткен еді.
«Бүгін біз Мемлекет басшысының Канвон-2024 қысқы жастар Олимпиадасына, Париждегі жазғы Олимпиада және Паралимпиадасына дайындық жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында құрылған штабтың бірінші отырысына жиналдық. Ұлттық құраманың сапалы дайындығы үшін спортшылар пулы, яғни лицензия мен медаль жеңіп алуы мүмкін үміткерлер жасақталды. Құраманың кейбір көшбасшылары Олимпиадаға жеке жоспар бойынша дайындалады. Яғни, әр спорт түрінің ерекшелігін, спортшының қажеттілігін, физиотерапияны, жарақаттарды оңалту мен алдын алуды, психологиялық қолдауды және спортшыларды жарысқа дайындалуда стрессті басқаруға көмектесуді қоса алғанда, медициналық-биологиялық қамтамасыз етуді ескере отырып жасалады. Айта кету керек, спортшыларды даярлау күнтізбесін қалыптастыру тәсілдері мен қағидаттары толығымен қайта қаралды», - деді Ермек Маржықпаев.
Естеріңізге сала кетейік, IV қысқы жастар Олимпиадасы 2024 жылдың 19 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында Оңтүстік Кореяның Канвондо провинциясында өтеді. Ал Францияның Париж қаласында XXXIII жазғы Олимпиада 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтсе, ХVІІ жазғы Паралимпиада 2024 жылы 28 тамыз 8 қыркүйектің аралығында өтеді.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: