24.02.2023 | 23:36
Бөлісу:
Грек-рим күресінің шеберлері Мысырдағы беделді турнирде тағы 2 медаль жеңіп алды
Мысырдың Александрия қаласында күрестен Олимпиада чемпионы Ибраһим Мұстафа атындағы биылғы 2-рейтингтік турнир жалғасып жатыр. Санаулы сәттер бұрын грек-рим күресінен барлық 10 салмақтың үздіктері анықталды. Бүгін бозкілемге шыққан 2 салмақтағы балуанымыз тұғыр биігіне көтерілді.
Әуелі Данияр Қаленов (72 кг) қола медаль үшін кездесуде мысырлық Махмұд Халед Әбдельсатар Абдельрахманды 4-1 есебімен ұтты. Ұлттық құрама өкілі ширек финалда грузиялық Рамаз Зойдзеден жеңіліп қалған.
Осыдан кейін 77 келіге дейінгі салмақтағы тәжірибелі отандасымыз Демеу Жадыраев іркілмей финалға дейін жеткенімен, шешуші кездесуде болгариялық Айк Мнацаканянға есе жіберді.
Кеше, алғашқы күні Серік Жұмашев шәкірттері 2 алтын, 2 күміс пен 3 қола медаль алған. Бұгін бұл көрсеткіш 9 жүлдеге жетті. Грек-рим күресінен жалпы есепте Қазақстан 161 ұпаймен 2-орын алды. Көш басындағы Грузия құрамасында 166 ұпай. Қазір әйелдер арасындағы бәсеке өтіп жатыр. Турнирді Халықаралық күрес федерациясының сайтынан тікелей эфирде көре аласыздар.
Бір қызығы, былтыр қараша айында Александрия қаласында өткен дәл осы Ибраһим Мұстафаны еске алуға арналған XXXIII халықаралық турнирге грек-рим күресінен Ұлттық құрама алғаш рет қатысып, жалпы есепте 1-орын алған. Ол кезде Дастан Зарлыханов (63 кг), Сұлтан Әсетұлы (67 кг), Демеу Жадыраев (77 кг), Мирас Баршылықов (82 кг), Антон Савенко (130 кг) өз салмағында чемпион атанған. Ал Марлан Мұқашев (55 кг), Ернұр Фидахметов (60 кг), Ерасыл Нұрбосынов (72 кг), Мансұр Шадукаев күміс жүлдеге ие болған. Былтыр бұл рейтингтік жарыс тізіміне кірмеген.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: