17.06.2022 | 10:24

Будапеште су спорты түрлерінен Әлем чемпионаты басталды

18 маусым мен 3 шілде аралығында Мажарстан астанасы Будапеште су спорты түрлерінен XIX Әлем чемпионаты өтеді. Енді әр елдің сайдың тасындай іріктелген атлеттері жүзу, суға тұғырдан секіру, су добы, көркем (артистік) жүзу мен ашық айдында жүзуден жүлдеге таласады. Назарларыңызға осы сындарда Қазақстан атынан кімдер өнер көрсететінін, қай уақытта өтетінін ұсынамыз.

Көркем жүзу сайысы 17-25 маусым күндері Мажарстан астанасындағы Тамаш Сецхи атындағы кешенде өтеді. Қазақстан құрамасының спортшылары: топтық сын – Наргиза Болатова, Айгерім Құрманғалиева, Карина Абдулина, Ксения Макарова, Этери Какутия, Анна Павлецова, Юлия Рогалева, Валерия Столбунова, Жәния Жиенғазы, Арина Пушкина, Ясмин Тұяқова.

Жекелей сын – Карина Магрупова. Аралас жұптық сын – Эдуард Ким мен Жаклин Якимова. Ұлттық құраманың бас бапкері – Әлия Каримова.

Жүзу бәсекесі 18-25 маусым аралығында Будапештегі «Дунай-Арена» жүзу кешенінде өтеді. Жалпы суда жүзуден 188 мемлекеттің 941 спортшысы жүлдеге таласады. Бұл жолы Ұлттық құрама көшбасшысы, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин бұл чемпионатқа қатыспайды. Ел намысын қорғайтын атлеттер: Әділбек Мусин, Айбек Қамзенов, Александр Варакин, Аделаида Пчелинцева, Ксения Игнатова. Жарыс кестесі:

18 маусым – Әділбек Мусин (50 м, баттерфляй), Айбек Қамзенов (100 м, брасс)

19 маусым – Аделаида Пчелинцева (100 м, брасс), Ксения Игнатова (100 м, шалқалай жүзу)

20 маусым – Айбек Қамзенов (50 м, брасс)

21 маусым – Александр Варакин (100 м, еркін стиль)

23 маусым – Әділбек Мусин (100 м, баттерфляй), Александр Варакин (50 м, еркін стиль), Ксения Игнатова (200 м, шалқалай жүзу)

24 маусым – Аделаида Пчелинцева (50 м, брасс).

Су добы ойындарын Дебрецен қаласындағы спорт бассейні қабылдайды.

Ватерполдан әйелдер құрамасы С тобына түсті. Алғашқы ойында Аустралиямен (20 маусым), сосын Бразилия (22 маусым) және Жаңа Зеландиямен (24 маусым) ойнайды. Ал ерлер D тобында. Олар әуелі Аустралиямен (21 маусым), кейін АҚШ-пен (23 маусым), Сербиямен (25 маусым) шеберлік байқаспақ.

Ашық айдында жүзу Лупа көлінде өтеді. Чемпионатқа отандастарымыздан тәжірибелі Виталий Худяков, Диана Тасжанова, Ксения Романчук, Лев Черепанов аттанды. 26-27 маусымда аралас (4x1500 метр) және 5 километрлік ерлер, әйелдер бәсекесі өтеді. Ал 29-30 маусымға 10 және 25 шақырымдық жекелей жарыстар жоспарланған. Іріктеуде 22 елдің жүзгіштері бақ сынамақ.

 

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес