28.10.2024 | 22:51

ЕРЖЕТ ЖАРЛЫҚАСЫН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ФИНАЛЫНДА КҮРЕСЕДІ

Ержет Жарлықасын Албания астанасында өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатының ақтық сынына шықты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Санаулы сəттер бұрын бозкілем шеберіміз 63 кг дейінгі салмақтың жартылай финалында Садық Лалаевты (Бейтарап спортшы) таза жықты.

«Белдесу бапкерім екеуміз ойластырғандай өтті. Бастысы қарсыласымды төрттағанға жатқызып, әдіс жасау болған. Оған дейін жеткізбей, тез жеңіске жете алдым. Енді қалғаны бір қарсылас. Ертең финалда жинақы күресіп, елге алтын медальмен оралуға барымды саламын»,-деді Ержет Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Биыл Бішкекте осы салмақта Азия чемпионы атанған Ержет ертең түндк финалда Нихад Захид Мамадлимен шеберлік байқасады.

Айта кетейік, Жарлықасын осыған дейін іріктеуде Польша және Франция өкілінің жауырынын жерге тигізген.

Сондай-ақ бүгін бақ сынаған Исхар Құрбаев (55 кг), ширек финалда сүрінсе, Мейіржан Шермахамбет (72 кг) іріктеуде, Евгений Поливадов (82 кг) 1/8 айналымда қарсыласына есе жіберді. Өкінішке қарай, ешқайсы жұбаныш кезеңінде күресе алмайды.

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес