09.11.2024 | 20:23
Бөлісу:
ЕСЕНТАЙ ИМАХАНОВ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ. ҚАЗАҚСТАН ТАҒЫ 2 КҮМІС МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ
Бүгін Астана қаласында самбодан әлем чемпионатының 2-күні Қазақстан құрамасының 3 спортшысы финалда күш сынасты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Спорттық самбодан 64 кг дейінгі салмақта Есентай Имаханов аса тартысты айқаста өзбекстандық Сардор Олимжоновтан жеңісті жұлып алып, алтыннан алқа тақты.
«Бүгін мені қолдауға көптеген туысым, достарым келді. Астана халқына және қолдауға келген барлық жанкүйерге рақмет айтамын. Осы жеңісімді 1 ай бұрын қайтыс болған атама арнаймын. Есеп теңескенде өзіме сенімді болдым. Әлі әдіс жасайтын мүмкіндігім барын білдім. Биыл Азия чемпионатында осы өзбекстандық спортшыға есе жібергем. Бүгін есе қайтардым»,-деді әлем чемпионы финалдан кейінгі сұхбатында.
Ал спорттық самбодан ақтық сында Гүлдана Әлмұханбетова (54 кг) Анастасия Луканинадан (FIAS-1), ал Еламан Қойшыбаев (88 кг) Сергей Рябовтан ұтылып, күміс жүлдеге ие болды.
Сондай-ақ жауынгерлік самбодан Арнұр Қуатай (71 кг) мен Ұлбосын Әділова (80 кг), спорттық самбодан Шынар Абатова (72 кг), пара самбодан Асқар Каиров қола жүлдегер атанды.
«Былтыр әлем чемпионатында күміс жүлде алғанмын. Астана төрінде сол медальді алтынға айырбастағым келді. Белдесудің басында қарсыласыма ұпай беріп қойып, қуып жете алмадым. Қарсыласқа шамам жетіп-ақ тұрды. Тек нәтижелі әдіс жасаудың реті келмеді. Жыл мен үшін жақсы өтті. Макаода Азия чемпионы атанып, Әлем Кубогында жүлделі орыннан көріндім»,-деді Еламан Қойшыбаев Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Бүгін жүлдегерлерді марапаттауға ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.
Еске сала кетейік, кеше, әлем чемпионатының алғашқы күні Ұлттық құрама 1 алтын, 4 қола медаль жеңіп алған. Қазір еншімізде 2 алтын, 2 күміс, 8 қола медаль болды. Ертең шешуші жарыс күні өтеді.
Биылғы ӘЧ-на 80 мемлекеттен 470 спортшы жиналды. Ал еліміздің намысын 28 отандасымыз қорғап жатыр. Осы чемпионаттың ерекшелігі - әйелдер арасында жауынгерлік самбо мен зағиптардың сайысы бірінші мәрте енгізілуі.
ӘЧ-ның жалпы жүлде қоры 311 мың АҚШ доллары (1-орын – 4 000 доллар, 2-орын – 3 000 доллар, 3-орын – 2 000 доллар және зағиптар арасындағы чемпион – 1 000 доллар).
Осыған дейін Астанада 2005 жылы қарашада спорттық самбодан әлем чемпионаты өтіп, Ұлттық құрама 1 алтын, 3 күміс, 6 қола медаль жеңіп алған.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықСАМБОШЫ ТЕМІРЛАН КӨЛБАЙ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
БІРЖАН ИМАХАНОВ: «ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ЖОСПАР – 2 АЛТЫН АЛУ»
АСТАНАДАҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ҚАТЫСАТЫН САМБОШЫЛАРЫМЫЗ БЕЛГІЛІ
САМБОДАН ӘЛЕМ КУБОГЫНДА ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ТАҒЫ 2 АЛТЫН АЛДЫ