20.05.2022 | invalid
Бөлісу:
Гимназиада: Қазақстан жалпы есепте бестікте келе жатыр
Францияның солтүстігіндегі Нормандия өңіріндегі 9 қалада 16-18 жас аралығындағы мектеп оқушылары арасында Гимназиада өтіп жатыр. Әлемнің 64 мемлекетінен келген жасөспірімдер 22 мамырға дейін 17 спорт түрінен және 3 паралимпиада бағдарламасында сынға түседі. Жарысқа келген 3600 атлеттің жүріп-тұруына, бос уақытын тиімді өткізуіне 1500-ге жуық ерікті көмектеспек.
Спорт түрлері: садақ ату, жеңіл атлетика, бадминтон, 3x3 баскетбол, жағажай волейболы, бокс, брейкинг, семсерлесу, спорттық және көркем гимнастика, дзюдо, спорттық бағдарлау, регби-7, суда жүзу, үстел теннисі, таэквондо, күрес пен пара-жеңіл атлетика, паражүзу, парадзюдо. Осы қатарда брейкинг, регби-7 мен паралимпиада спорт түрлері Гимназиада бағдарламасына алғаш рет қосылып отыр. Бұл кешенді бәсеке арқылы әр мемлекеттегі мектеп лигасы мен жасөспірімдер спортының даму қарқынын байқауға болады.
Биыл Қазақстан алғаш рет Гимназиадаға спортшы жіберді. Біздің делегация сапындағы 234 оқушы (қыз – 115, ұл – 119) 16 спорт түрінде бақ сынап жатыр. Ал ең көп спортшы алып келген ел Бразилия. Қазір Қазақстан құрамасы жүлде саны бойынша жалпы есепте алғашқы бестікте келе жатыр.
Чемпион атанған спортшыларымыз – Дмитрий Енес (суда жүзу), Богдан Лукин (семсерлесу), Қазақстан көркем гимнастика құрамасы (топтық сын), Қайыржан Сұлтан мен Расим Рамил, Нұрдәулет Маратұлы (еркін күрес), Сабина Юлдашбекова, Ерболат Сыздық, Данил Сұлтанхан, Талғат Орынбасар (барлығы дзюдо), Акрамат Долгиев, Азиза Қаражанова, Рита Бакишева (таэквондо).
Күміс жүлдегерлер – Арсен Қожахметов, Ксения Игнатова (суда жүзу), Эмиль Ахмеджанов (спорттық гимнастика), Анастасия Колода (жеңіл атлетика), Анастасия Рыпакова (жеңіл атлетика), Нұртай Жалын, Дина Мұханбет, Акбар Алтай (дзюдо), Наргиз Мейрамбек, Бекарыс Бекенов (таэквондо).
Қола жүлдегерлер – Бексұлтан Абжал мен Тимофей Семенов (семсерлесу), Арина Гладышева (жеңіл атлетика), Самал Мәлікқызы, Ажар Асхат, Арман Біләлханов, Бақжан Байтас (дзюдо).
Біздің анықтама:
Гимназиада бірінші рет 1974 жылы Германияның Висбаден қаласында өткен. Сонау 1990 жылғы Брюггеден дейін екі жылда бір рет ұйымдастырылса, кейін арасы 3-4 жылға ұзарды. XXI ғасырда мульти-жарыста Катар, Бразилия мен Марокко белсенді. Биыл Гимназиаданы Франция 5-рет қабылдап жатыр. Бұл жағынан оның көрсеткішіне жете алатын елдер көрінбейді.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықАУЫР АТЛЕТИКАДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ
ЕДІГЕ ЕМБЕРДІ ИСПАНИЯДАҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНАН ОРАЛДЫ
Олимпиада жүлдегері мен әлем чемпионы елге оралды