12.09.2022 | invalid
Бөлісу:
Грек-рим күресі: Айдос Сұлтанғали қола медаль үшін күреседі
Бүгін Белградтағы әлем чемпионатының 2-күні грек-рим шеберлері мен әйелдер бозкілемге шықты. Нәтижелері мынандай:
60 келідегі Айдос Сұлтанғали армениялық Геворг Гарибянның жауырынын жерге тигізіп, сосын қытай балуанынан айласын асырып жартылай финалға жолдама алған. Алайда қырғыз Жоламан Шәршенбековтен ұтылып қалды. Енді қазақстандық қола медаль үшін америкалық Эльдар Хафизов пен мажастандық Кристиан Кичкемети арасындағы жеңімпазбен күреседі.
Өкінішке қарай, Ислам Умаев (97 кг) пен Әлімхан Сыздықов (130 кг) іріктеуден ары аса алмай, бір кездесумен шектелді. Ислам өзбекстандық Рустам Ассакаловтан, Әлімхан ирандық Әмин Ализадеден ұтылды.
Бұдан бөлек, 82 келідегі Диас Қален алғашқы жұбаныш белдесуінде қытайлық Ченву Ванды ұтқан, алайда әзірбайжандық Рафиг Хусейновтан таза ұтылып, қола медаль жолындағы тартыстан шет қалды.
Әйелдер күресіндегі 55 келідегі Марина Седнева жапон Маю Шидочи Мукаидадан таза ұтылды. Маю финалға шыққандықтан Марина бүгін жұбаныш кездесуіне шығады. Сол сияқты Әлімхан Сыздықовтың қарсыласы да ақтық сынға өткендіктен отандасымыз қоладан үмітті.
Ал ертең жарыс жолына Светлана Анкичева (50 кг), Жұлдыз Ешімова (53 кг), Елена Шалыгина (65 кг), Гүлмарал Еркебаева (76 кг) шығады.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: