24.10.2023 | 10:23
Бөлісу:
Грэпплинг: Жауынгерлік өнер ойындарында 5 жүлдеге қол жеткізді
Сауд Арабиясының астанасы Ар-Риядта өтіп жатқан Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында грэпплингтен үздік спортшылар анықталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Ұлттық құрама сапында ел намысын 10 қорғап, 1 алтын, 1 күміс пен 3 қола медаль жеңіп алды.
Грэпплингтің ги санатында Сәрсен Жетібаев (71 кг) финалда өзбекстандық Ферузбек Уроковты айқын басымдықпен ұтып, жеңімпаз атанды. Сәрсен - Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарында грэпплингтен чемпион атанған тұңғыш қазақ.
«Рақмет. Өте қуаныштымын Бұл қарсыласпен алғаш рет күш сынастым. Ол туралы Ташкенттегі жарыста естіп, жекпе-жектерін көріп шықтық. Тек оған емес әр қарсыласқа дайындалдық. Шүкір, соның арқасында ұттық», деді Сәрсен Жетібаев финалдан кейін.
Ал ақтық айқасқа шыққан тағы бір отандасымыз Нұрбек Талбудин (84 кг) өзбекстандық Ұлықбек Рахмоновқа есе жіберіп, күміспен күптелді.
«Мен үшін қиын қарсыластың бірі. Алдында Ташкенттегі турнирде де есем кеткен. Соған қарамастан бүгін өте тартысты жекпе-жекте болды. Бір ғана қателік алтынның тағдырын шешіп кетті. Биылғы халықаралық жарыстар біз үшін аяқталды. Алда ел чемпионаты қалды. Сонда өз салмағым 71 кг сынға түсемін деді Нұрбек марапаттау рәсімінен кейінгі сұхбатында.
Сондай-ақ қола медаль үшін белдесуде Исмагулова испаниялық (58 кг), Фариза Құлынтай америкалық (64 кг) мен Шынар Өзбекова италиялық (71 кг) қарсыластан басым түсті. Ал Ботакөз Елдосқызы (53 кг) бен Рамазан Құсайыновқа (92 кг) сәттілік серік болмады. Айкөркем Ихсанова (90 кг) мен Бақдәулет Абызов (100 кг) жарысты ерте аяқтады.
Айта кетейік, Ұлттық құрама спортшылары осы ойындардың жолдамасын былтыр Понтаведрадағы әлем чемпионаты (алғашқы төрттік) мен биыл көктемде Ташкенттегі лицензиялық турнирде (қалған төрттік) алды.
Қазір Қазақстан құрамасының жалпы есепте 2 алтын, 4 күміс және 8 қола медальмен 8-орында тұр. Көш басында 10 чемпионы бар Украина. Жалпы Ар-Риядқа келген 80 мемлекеттің 65-і жүлдеге қол жеткізді.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: