02.10.2024 | 19:01

ТАЛҒАТ ОРЫНБАСАР ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ТАҒЫ ЖҮЛДЕ АЛДЫ

Дзюдошымыз Талғат Орынбасар Душанбеде (Тәжікстан) өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болды,  деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Бұл оның жастар арасында әлем чемпионатындағы екінші қоласы. Ол жүлде жолында әзірбайжандық Низами Имрановпен кездесті. Екеуара тартысты кездесу негізгі уақытта тең аяқталып, қосымша уақытта отандасымыздың еншісіне шешілді. 

60 кг дейінгі салмақта Талғат барлығы 5 кездесу өткізіп, оның төртеуінде жеңді. Ол іріктеу кезеңінде Матья Жеремик (Сербия), Адис Орозмаматовты (Қырғызстан) жеңді. Ширек финалда тәжікстандық қарсыласына есе жібергенімен, жұбаныш белдесуінде Винчензо Манферлоттиді (Италия) жеңіп, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды.

Мұнда жапон Ямато Фукуда жеңімпаз атанды. Тәжікстандық Лойқ Кудбудинов күміске, Талғат Орынбасар мен өзбекстандық Муродил Муродиллаев қола жүлдеге ие болды.

Тәжікстан астанасындағы жарысқа 67 елден 531 жас татами шебері қатысып жатыр. Әлем біріншілігі 7 қазанға дейін жалғасады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес