25.11.2023 | 21:23
Бөлісу:
Киокушинкай-кан каратэден әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы көш бастап тұр
Алматы қаласындағы Sadu Arena спорт кешенінде өтіп жатқан әлем чемпионатына 33 елден 700-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Екінші жарыс күнінде 14-15 және 16-17 жастағы спортшылар мен ардагерлер (35+) арасындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
14-15 жасар қыздар арасында Карина Забелич (45 кг) пен Асия Ай (55 кг) чемпион атанса, осы жас шамасындағы ұлдардың бәсекесінде Ерасыл Үсен (45 кг), Аят Иссахан (50 кг), Азамат Мырзағалин (55 кг), Кристиан Гамбург (57,5 кг) және Нұресіл Қалым (65 кг) алтыннан алқа тақты.
16-17 жасар спортшылардың сайысында Динара Талғатбек (55 кг), Кирилл Тян (55 кг) және Мұрат Абдуқадыр (60 кг) қарсылас шақ келтірмеді.
Ал ардагерлердің жарысында Игорь Шипилов (45+, 75 кг) пен Әлімжан Молдағали (50+ және +75 кг) әлем чемпиондары атанды.
Сонымен қатар, бүгін спортшыларымыз 11 күміс, 34 қола жүлде жеңіп алды. Екі жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 23 алтын, 21 күміс, 50 қола медальмен көш бастап келеді. Екінші орында Ресей (19 алтын, 18 күміс, 38 қола). Үздік үштікті Жапония (9 алтын, 7 күміс, 2 қола) түйіндеп тұр. Ертең ересектер арасындағы жекпе-жектер өтіп, әлем чемпионаты аяқталады.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықҚазақстан құрамасы әлем чемпионатында 115 медаль жеңіп алды