23.07.2024 | 15:36

МЕРГЕНДЕР ШАТОРУДАҒЫ ОЛИМПИАДА ҚАЛАШЫҒЫНА ОРНАЛАСТЫ

Нысана көздеуден Ұлттық құрама Шатору қаласындағы Париж Олимпиадасының қалашығына жетіп, орналасты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Алматы қаласынан шыққан командамызды әуелі түнде Франциядағы Қазақстан елшілігінің өкілдері Шарль-де-Голль атындағы Париж қаласының әуежайынан күтіп алған. Осыдан кейін спортшыларымыз қару-жарақ тексеруінен өтіп, орталықтан аккредитациясын алды. Кейін ұйымдастырушылар оларды арнайы автобуспен жарыс өтетін Шатору қаласына жеткізген.

Шатору – Франция астанасы Париждің оңтүстігінде 270 шақырым жерде орналасқан қала. Мұндағы нысана көздеу орталығында 27 шілде мен 5 тамыз аралығында нысана көздеу мен стенд атудан 15 жүлде жиынтығы үлестіріледі. Биылғы ойындар кезінде қатысушылар саны 360-тан 340-қа (170 еркек, 170 әйел) дейін азайғанын айта кетейік.

«Біздің жарыс өтетін Олимпиада қалашығы тек мергендерге арналған. Бүгін спортшылар мен бапкерлер орналасып, асхана мәзірімен танысып үлгерді. Тамақтану жағынан ешқандай қиындық бола қоймайды. Мұндағы тағамдар біздің мәзірмен бірдей. Қалашыққа келер болсақ, медиа орталық, жарыс өтетін жер, асхана, қонақ үй, қару-жарақ қоймасы бәрі бір-біріне жақын. Арасы 5 минуттық жер. Мұнда тек мергендер болады. Бәрі бір-бірін таниды. Өзімізді кезекті Әлем Кубогында жүргендей сезіне бастадық. Осы тұста қалашықтағы еріктілердің барынша көмектесіп жатқанын айта кеткім келеді»,-деді Ұлттық құрамадағы винтовка бойынша аға жаттықтырушы Анвар Юнусметов Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Ұлттық құрама өкілдері – Ислам Сатпаев, Арина Алтухова, Александра Ле, Константин Малиновский (винтовка); Никита Чирюкин, Ирина Юнусметова (тапанша) кешендегі алғашқы жаттығуын Астана уақытымен бүгін кешке өткізеді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес