27.03.2024 | 17:34
Бөлісу:
Оралда әлемнің таңдаулы бадминтоншылары сынға түседі
2-6 сәуір аралығында Орал қаласында бадминтоннан Condensate Kazakhstan International Challenge 2024 халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жарысқа қазірдің өзінде 50 мемлекеттен 308 ойыншы өтініш беріп үлгерді. Бұл қатарда ел намысын қорғайтын қазақстандық спортшылар мынадай:
Дмитрий Панарин, Айша Жұмабек, Диляра Жумадилова, Евгений Евсеев, Жәңгір Ибраев, Хайтмурат Кульматов, Наргиза Рахметуллаева, Камила Смағұлова, Махсут Таджибуллаев;
Қазақстан құрамасының бас бапкері Асқар Орманов турнирдің маңыздығы мен ойыншыларымыздың мүмкіндігі жайлы тарқатып айтты.
«Бұл құрлықтық федерация ұйымдастыра алатын ең жоғары деңгейлі жарыс саналады. Бұдан жоғары санаттағы турнирді тек Халықаралық бадминтон федерациясы өткізеді. Ұлттық құрамаға келер болсақ, жарақатына байланысты Артур Ниязов қатыспайды. Қалған ойыншылар қатарда, бәрі Оралда сынға түседі. Дмитрий Панариннен басқа ойыншыларымыз іріктеу кезеңіне қатысады. Рейтингі жоғары болғандықтан Дмитрий негізгі кезеңде қарсыласын күтеді. Бұл – Олимпиада ұпайы берілетін соңғы коммерциялық турнир. Сол себепті, барлық құрлықтан таңдаулы ойыншылар келеді. Дмитрий Панаринге лицензияға қол жеткізу үшін Оралдағы турнирде кем дегенде 2 кезеңнен сүрінбей өту қажет. Осыдан соң Ұлттық құрама Қытайда өтетін Азия чемпионатына аттанады»,-деді бас бапкер Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, турнирдің жалпы жүлде қоры – 15 мың АҚШ доллары. Бес бағдарламадағы (екі жекелей және жұптық сын, аралас жұптық сын) жеңімпаз 1200, күміс жүлдегерлер 720 долларға ие болады. Мұнда барлығы ширек финалға шыққан спортшыларға дейін қаржылай сыйақы көзделген.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықДМИТРИЙ ПАНАРИН АЛҒАШҚЫ МАТЧТА ЖЕҢІЛІП ҚАЛДЫ