23.10.2022 | invalid

Қазақ балуандары Әлем чемпионатының соңғы күні тағы 2 медаль жеңіп алды

Бүгін Испанияның Понтеведра қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Әлем чемпионатының соңғы күні Қазақстан құрамасының қоржынын еркін күрес шеберлері тағы 2 медальмен толықтырды.

Әуелі 61 келіге дейінгі салмақтағы Асыл Айтақын грузин Рамаз Турманидзені, сосын аса ауыр салмақтағы Әлішер Ерғали мажарстандық Милан Андрас Корчсогты ұтты.

Кеше іріктеуде Асыл ирандық Армин Мехди Хабибзадехсаруколаидан айласын асырғанымен, армениялық Арсен Арутюнянға есе жіберді. Ал жұбаныш кездесуінде  пуэрто-рикалық Джозеф Андрес Сильваға еш мүмкіндік берген жоқ.

Ал аса ауыр салмақтағы Әлішер Ерғали түркіменстандық Зямұхаммет Сапаровты мерзімінен бұрын жеңді. Ал ширек финалдағы әзірбайжандық Вахит Галаевпен болған күрес тартысты өтті. Қазақстандық балуан бір ұпай айырмасымен ғана басым түсті. Ал жартылай финалда Әлішердің жолын Иран спортшысы кесті.

Өкінішке қарай, бүгін қолаға таласқан Мақсат Сатыбалды (86 кг) мен Ризабек Айтмұханның (92 кг) жолы болмады. Испанияда бозкілемге шыққан қалған балуандарымыздың нәтижесі төмендегідей:

Дәулет Теміржанов (57 кг дейін) іріктеуде моңғолиялық  Мунк Эрдене Батхуягтан ұтылып қалды.

Талғат Сырбаз (70 кг дейін) ирандық Әмірмұхаммед Бабак Язданичератимен ширек финал жолдамасын сарапқа салып, жеңіліп қалған. Қарсыласы финалға шыққан соң қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алған. Алайда мұнда Кота Такахасиден жеңілді.

Ризабек Айтмұхан (92 кг дейін) алғашқы кездесуде-ақ ирандық Әмірхоссейн Биглар Фируз Пурбандпейдің мықты екенін мойындады.

Юсуф Гафуров (97 кг дейін) аустралиялық Томас Джон Макглинчи Барнсты ұтқанымен, ширек финалда әзірбайжандық Ислам Ильясов отандасымыздың жолын кесті.

Ұлттық құрама бұл бәсекеде барлығы 4 жүлдеге (1 күміс пен 3 қола) қол жеткізді. Грек-рим күресі шеберлерінен Олжас Сұлтан (60 кг) үздік үштікті түйіндесе, кеше Дәулет Ергеш (79 кг) финалда грузин Владимир Гамкрелидзеден жеңіліп қалды.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес