19.06.2023 | 09:38

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында 1-орын алды

Астана қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қоян-қолтық ұрыстан VII Әлем чемпионаты Қазақстан құрамасының жарқын жеңісімен аяқталды. Отандастарымыз 21 алтын, 19 күміс, 21 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте көш бастады.

Әлем чемпионатының алтынын елімізге Медет Қожбанов, Ердәулет Жеңіс, Ілияс Мұхамадиев, Мәди Райхан, Дәулет Темірханов, Сергей Вальтер, Мақсат Бекмұханбетов, Тимур Шалов, Бақытбек Баймұханбетов, Қайрат Мұқанбеков, Санжар Жанбатыров, Аида Хайруллина, Шынар Кенжебаева, Сая Жанаева, Данияр Қойшыбек, Сора Рахмонова, Улан Мұқашев және басқалары сыйлады.

Чемпионаттың күміс медальын Серік Абиров, Андрей Тирешин, Арай Мусина, Сая Әуелбекова, Аманбек Жаманқараев, Әлихан Сеитов, Айдын Үмбетов, Нұрсұлтан Бекбатшаев, Демей Бексұлтан, Хайдар Есенғалиев, Бек Насихатов, Сағыныш Асылбекова, Евгения Смоленкова, Бақтияр Мұратбек, Аида Хайруллина, Диана Жұмағазиева, Сауран Арапбай және басқалар жеңіп алды.

Қола жүлдеге Амина Шайменова, Шынар Кенжебаева, Әсел Жұмақаева, Шынар Баймурзина, Алексей Беликов, Сергей Бредихин, Ардақ Мәдимұхаметов, Әділжан Авакри, Абылай Табанов, Саида Хасенова, Арман Ахашов, Владимир Саакян, Мақсат Бекмұхамбетов және басқалар ие болды.

Жалпыкомандалық есепте екінші орында – Ресей Федерациясы командасы, оның үлесінде 7 алтын, 7 күміс және 15 қола медаль бар. Медаль саны бойынша үшінші орында Өзбекстан құрамасы, оның қоржынында 7 алтын, 6 күміс және 12 қола медаль бар.

Одан кейінгі командалар қатарында Молдова (1 күміс және 1 қола медаль), Қырғызстан (6 қола), Таиланд (3 қола) бар.

Әлем чемпионатына барлығы 32 елден 312 спортшы қатысты (Әзірбайжан, Армения, Ауғанстан, Беларусь, Болгария, Венесуэла, Венгрия, Гана, Германия, Греция, Үндістан, Иордания, Иран, Испания, Италия, Қырғызстан, Молдова, Монғолия, Пәкістан, Польша, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Таиланд, Өзбекстан, Сирия, Сьера-Леоне, Ливан, Түркия, Чехия, Швейцария).

«Жекпе-жек» түрінде әлем біріншілігінің медальдары үшін 17 салмақ дәрежесінде 118 ер және 43 әйел спортшы сайысты. «Өзін өзі қорғау» түрінде 16 салмақ дәрежесінде 129 ер және 32 әйел күш сынасты.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес