27.02.2023 | 15:18

Қазақстан құрамасының қоржынына 2 жүлде түсті

Бүгін Кузбастағы қысқы спорт түрлерінен ІІ «Азия балалары» ойындарында Қазақстан құрамасының 2 спортшысы тұғыр биігіне көтерілді. Шорт-тректен 1500 метрге қыздар арасындағы жарыста Малика Жолтабар қола алса, ұлдардан осы қашықтықта Мейіржан Төлеген күміс жүлдегер атанды.

Айта кетейік, 2 финалға 3 қазақстандықтан шыққан. Қыздар арасында Нұрия Алпысбай 4-ші, Айсара Лабиб 5-орыннан көрінді. Бұл жерде Мәскеу құрамасының шорт-трекшісі Анастасия Баранова жеңіске жетсе, күміске Орал федералды округынан келген Ксения Прибятова ие болды.

Ұлдар арасында (1500 м) Әліби Әлімгереев 5-ші, ал Ерасыл Шыңғысхан 6-шы болып мәре сызығын қиды. Мұнда алтын мен қола Мәскеу құрамасының спортшылары Андрей Петров пен Владимир Панферовтің еншісінде.

Сондай-ақ бүгін 3 мың метрге аралас эстафета өтіп, Қазақстан құрамасы финалға дейін жетті. Алайда жүлдеге қол жеткізе алған жоқ.

Қазір Қазақстан делегациясы жалпы есепте 1 күміс, 1 қоламен 3-орынға жайғасты. Ертең шорт-трекшілер 500 және 1000 метрде үздіктерді анықтайды. Сонымен қатар:

-шаңғымен тұғырдан секірушілер «Азия балалары» ойындарындағы алғашқы жүлде жиынытығын сарапқа салады;

-хоккейден Ұлттық құрама Кузбасс аймағының командасымен ойнап, плей-офф жолдамасының иегерін анықтайды;

-қыздар 5 шақырымға шаңғымен жарысады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес