02.05.2024 | 11:20

Қысқы спорт түрлерінен есеп беру жалғасып жатыр

Астана қаласында штаттағы Ұлттық құрама бас бапкерлерінің 2023-2024 жылғы қысқы маусымды қорытындылап, алдағы маусымға дайындықты пысықтауға арналған есеп беру кездесулері жалғасып жатыр.

Бүгін ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасының орынбасары Азамат Имашевқа, Спортты дамыту дирекциясының өкілдеріне Ұлттық шаңғышылар қауымдастығы өкілдері мен Мемлекеттік жаттықтырушылары есеп берді. Атап айтар болсақ, фристайл акробатикадан Қазақстан құрамасының бас бапкер Бағлан Іңкәрбек, шаңғы жарысынан бас бапкер Александр Батяйкин, шаңғымен тұғырдан секіруден бас бапкер Павел Васильев маусымды қорытындылады.

Аты аталған бас бапкерлер Ұлттық құрама спортшыларының халықаралық жарыстардағы көрсеткіштеріне шолу жасап, резерв даярлау жайын қозғады. Мәселен, қысқы спорт түрлеріне маманданған Олимпиада даярлау орталықтарының бірінде сноуборд секциясын ашу жөнінде ұсыныс айтылды.

Мамандардың сөзінше, бұл дисциплина жастар арасында кеңінен танылған. Елімізде кәсіби түрде шұғылданушылар қатары көп емес. Соған қарамастан ақ Олимпиадада ең көп жүлде жиынтығы сарапқа салынатын бағдарламаны назардан тыс қалдырмай, қолға алу керек.

Есеп беру кезінде Павел Васильев Оңтүстік Кореяда өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында елімізге алғашқы алтын медальді сыйлаған Илья Мизерныхтың жетістігі сәйкестік емес, бірлескен жұмыстың жемісі екеніне ерекше тоқталды. Биыл егемендік алған жылдар ішінде шаңғымен тұғырдан секірушілер үшін ең табысты маусым болды. Осы маусымда шаңғымен тұғырдан секірушілер маусымды жоспарға сай уақытында бастап, Спортты дамыту дирекциясынан, Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығынан дер кезінде қолдау алған. Мұның тағы бір көрсеткіші - Ильяның Канвондодағы ойындардан кейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы жоғарғы нәтижесі.

Соған қарамастан әлі де кей командалар дәрігер, массажист, спорт психологы сынды мамандармен тұрақты қамтамасыз етілмей келеді. Азамат Болатұлы Қытайдың Харбин қаласында өтетін қысқы Азия ойындары қарсаңында мұндай мәселе болмауы керегін айтты.

Сондай-ақ ол қауымдастық өкілдерін Спортты дамыту дирекциясымен тығыз жұмыс істеп, спортшыларды қажет киім-кешек, құрал-жабдықтармен дер кезінде қамтамасыз ету үшін өтініш беру процесін уақытылы жүргізуді тапсырды.

Айта кетейік, қысқы спорты түрлерінен келесі есеп беру кездесуі алдағы аптада тағы өтеді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес