10.04.2024 | 21:26
Бөлісу:
Қазақстан құрамасы ауыр атлетикадан Әлем Кубогын аяқтады
Бүгін Таиланд елінің Пхукет қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Әлем кубогында Қазақстан құрамасы жарыс жолын аяқтады, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Еліміздің атынан соңғы болып 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Айсамал Сансызбаева мен Сұлтан Мейрам (109 кг) шықты. Қоссайыс қорытындысында Айсамал 235 келіні (жұлқа көтеруде 105 кг мен серпе көтеруде 130 кг) еңсеріп, В тобында 4-орын алды. Осы топта Тайбэй өкілі Чен Ванг 266 келі нәтижемен (118+148) үздік атанды. Дәл бұл салмақта барлық қарсыластарын артта қалдырып, жеңімпаз атанған қытайлық Венвень Ли қоссайыста 325 келіні (145+180) бағындырды. Екінші және үшінші орынды Оңтүстік Корея спортшылары Хеджонг Парк (130+166) пен Юнги Сон (122+161) бөлісті.
«Айсамал осыған дейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарының жеңімпазы және жүлдегері атанған болатын. Енді ол қазір ересектер арасында бақ сынауда. Жарыс барысында кішкене қателіктер жібергенімен, жалпы нәтижесі қанағаттандырады. Турнирден соң қорытындысын шығарып, қателіктермен нақты жұмыс істейміз, себептерін анықтаймыз. Алдағы уақытта құрама командаға бірқатар өзгерістер енгіземіз. Жаңа жұмыстар басталып, келешекте жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын», - деді ҚР ауыр атлетикадан әйелдер құрамасының бас бапкері Иван Снегуров.
Сұлтан Мейрам қосайыста 340 келімен (150+190) А тобында 6-орын алды. Алтынды Олимпиада ойындарының чемпионы, өзбекстандық ауыратлет Акбар Джураев (189+227) иеленді. Күміс әзірбайжандық Дадашу Дадашбайлыға (177+211) бұйырса, қола медальді грузиялық Зазе Ломтадзе (170+209) алды.
«Жыл басында алған жарақаттың салдарынан болса керек, нәтижем онша көңілімнен шықпады. Бірақ, алдағы уақытта жоғары нәтижелер көрсетемін деп сеніммен айта аламын», - деді өз сөзінде Сұлтан Мейрам.
Еске салайық, бұған дейін Әлем кубогында Айнұр Әбдіқалықова (49 кг), Ерназ Алпысов (55 кг), Дарья Балабюк (59 кг) және Сергей Петрович (89 кг) өнер көрсеткен болатын. Осылайша, қазақстандық ауыр атлеттер Парижде өтетін Олимпиада ойындарына жолдама иелене алмады.
Суреттер: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықАУЫР АТЛЕТИКАДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ
ЕДІГЕ ЕМБЕРДІ ИСПАНИЯДАҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНАН ОРАЛДЫ
Олимпиада жүлдегері мен әлем чемпионы елге оралды