16.10.2024 | 22:14

ИСХАР ҚҰРБАЕВТЫҢ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДАҒЫ ҚАРСЫЛАСЫ КІМДЕР? БАПКЕРЛЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Албания астанасындағы күрестен әлем чемпионатына санаулы күндер қалды. Грек-рим күресінен 55 кг дейінгі салмақта ел намысын Исхар Құрбаев қорғайды. Ұлттық құрама палуаны былтыр Амманда (Иордания) жастар арасында әлем чемпионы атанған. Осыдан кейін 2023 жылы күзде Тирана қаласында 23 жасқа дейінгі спортшылардың дүниежүзілік додасында финалға жетіп, тарысты белдесуде қарсыласқа есе жіберген.

Ересектер арасындағы алғашқы жүлдесінің бірін 2023 жылдың басында алды. Күрестен ҚР VI жазғы Спартакиадасының финалында тәжірибелі Марлан Мұқашевқа лайықты қарсылық көрсеткен.

Қазір грек-рим күресінен Албанияға аттанатын командамыз Алматы облысындағы Жаңашар ауылындағы базада жаттығу жиынында жүр. Осы тұста Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі Исхардың әкесі, әрі жеке бапкерінің бірі Мұхамет Нұғмановқа хабарласып, бозкілем шеберінің даярлығы жайлы сұрады.

«Қазір Исхар Алматыда дайындықтың соңғы кезеңінде бозкілемдегі әдіс-қимылдарын пысықтап жатыр. Қазір бабында. Салмақ қуу жағынан да ешқандай қиындық жоқ. Бәрін бақылап жүрмін. Бұл оның ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты. Соған қарамастан Исхардың жасөспірімдер мен жастар арасындағы жарыстарда жинаған тәжірибесі бар. Ересектермен де күресіп жүргеніне біраз болды. Жазда Қазан қаласында өткен BRICS ойындарында осы салмақта жеңімпаз атанған. Әлем чемпионатына басқа елдер де өз құрамын жариялап жатыр. Әзірбайжан осы салмақта 3 дүркін әлем чемпионы Эльдениз Азизлиді қойыпты. Ресейден Эмин Сефершаев, Грузиядан Георгий Тохадзе, Ираннан Азия чемпионы Поуя Дадмарз барады. Жарыс басталғанша тізім өзгеруі мүмкін. Мұнда осал қарсылас жоқ. Кім келсе де, біз қарсыластарға жеке дайындалмаймыз, барынша өз күрес мәнерімізді көрсетуге тырысамыз»,-деп айтты Мұхамет Нұғманов.

Халықаралық күрес федерациясы жариялаған Албанияда күресетін палуандар тізімі мынадай:

Грек-рим күресі, 55 кг:

Эмин Сефершаев (Бейтарап атлет)

Байрам Сина (Албания)

Манвел Хачатрян (Армения)

Эльдениз Азизли (Әзірбайжан)

Стефан Григоров (Болгария)

Хайфэн Чжан (Қытай)

Георгий Тохадзе (Грузия)

Санджив (Үндістан)

Поуя Дадмарз (Иран)

Исхар Құрбаев (Қазақстан)

Кагетора Окамото (Жапония)

Улан Муратбек уулу (Қырғыстан)

Артем Деляну (Молдова)

Денис Михай (Румыния)

Серван Чинар (Түркия)

Кориун Саградян (Украина)

Брэд Кунц (АҚШ)

Исхардың тағы бір жеке бапкері Нұрым Дүйсенов шәкіртінің әлем чемпионатына барлық жағынан дайын келгенін жеткізді.

«Өткен аптаның аяғында біз екі салмақта нақты кімнің баратынын анықтадық. Бапкерлер де, күрес жанкүйерлері де іріктеудің әділ өткенін қалады. Исхар тәжірибелі ағасы Аманғали Бекболатовты 6-1 есебімен жеңіп кетті. Екеуі осыған дейін кездеспеген еді. Бозкілемдегі белдесулерден кейін ешқандай сұрақ қалмады. Менің айтарым, Исхар осы чемпионатқа жасы, бабы жағынан сай келіп тұр. Мұны жыл басынан бергі жарыстарда тұрақты көрсетіп келе жатыр»,-деп айтты Нұрым Дүйсенов.

Еске сала кетейік, Албания астанасында Олимпиада бағдарламасына кірмейтін салмақтардағы бәсеке 28-31 қазан аралығында өтеді. Грек-рим күресінің шеберлері чемпионатты бастап, 29 қазанда кешке жүлдегерлерді анықтайды. Мұнда жеребе тарту кезінде спортшылардың әлем рейтингі есепке алынбайды.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес