04.10.2022 | invalid

Astana Open: Сенсация! Карлос Алькарас Давид Гоффенге жол берді

Астанада өтіп жатқан ATP-500 санатындағы Astana Open турнирінде әлемнің 1-ракеткасы, 19 жастағы Карлос Алькарас алғашқы айналымда бельгиялық Давид Гоффеннен жеңіліп қалды. Есеп: 7:5, 6:3. Ойын бір сағат, 48 минутқа созылды.

Бұл Карлостың Америка ашық чемпионатын жеңіп, ATP рейтингінде көш бастағаннан кейін қатысқан алғашқы турнирі-тұғын. Биыл испан өзі қатысқан барлық бәсекенің ешқайсында 1-айналымда сүрінбеген. Бұл Карлос пен Гоффен арасындағы 2-текетірес. Енді таразы басы тең.

Кездесуде эйс жасаудан Алькарас алда болды (1-0). Ал допты ойынға қосу кезінде екеуі де бір мәрте қателік жасады. Бүгін испан теннисшісі 62 ойыннан кейін қарсыластың добын өз пайдасына шеше алмады.

Негізі бүгін Карлос даниялық Хольгер Рунемен ойнауы керек болған. Алайда өткен жексенбіде София қаласындағы турнирдің финалында жеңіліп қалған Хольгер Астанада өнер көрсетуден бас тартты. Оның орнын lucky loser ретінде 31 жастағы бельгиялық басты. Давид елордада іріктеуде қазақстандық Денис Евсеевті жеңгенімен (6:1, 6:4), ертесіне итальян Лука Нардиден (6:3, 6:7, 6:7) ұтылды. Қазір Давид әлем рейтингінде 66-сатыда. Ол карьерасында осымен 3-рет әлемнің 1-ракеткасын ұтып отыр. Осыған дейін Рафаэль Надаль екі мәрте оның мықты екенін мойындауға мәжбүр болған.

Енді Гоффен 2-айналымда ертең құрдасы Адриан Маннариномен шеберлік байқасады. Француз кеше швейцариялық Станислас Вавринкадан басым түскен.

Мачтан кейін әлемнің 1-ракеткасы БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз жиынын өткізуден бас тартты. Ойын жайлы қысқаша былай пікір білдірді.

«Ойын мен үшін қиын болды. Біраз үзілістен кейін кортқа шыққан оңай емес. Давид жақсы өнер көрсетті. Маған қысым жасап отырды. Мен оған еш жауап бере алмадым. Сондай-ақ кортқа тез бой үйрете алмадым. Ал қарсыласым мұнда 2 рет ойнап үлгерді. Енді осы жеңілістен сабақ алып, ары қарай жылжуым керек»,-деді Карлос Алькарас.

Осыдан кейін әлеуметтік желідегі парақтарында «Әрине, бұл мұнда мен көздеген нәтиже емес. Десе де бұдан әрі жұмысты жалғастырамын. Қолдау көрсеткенің үшін рақмет, Астана!»,-деп жазда жариялады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес