06.01.2023 | invalid

Биатлоннан болашақ әлем жұлдыздары Щучинскте сынға түседі

4-12 наурыз аралығында Щучинск қаласындағы Ұлттық шаңғы орталығының базасында биатлоннан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Әлем чемпионаты өтеді.

Қазірден жастар арасындағы Әлем Кубогы кезеңдерінде жақсы өнер көрсетіп келе жатқан спортшылар бір апта бойы бес түрлі сайыста жалпы 18 жүлде жиынтығын сарапқа салмақ. Әлем чемпионатына 50 мемлекеттен 800-ге жуық спортшы қатысуы мүмкін.

«Мұндай ауқымды жарыс Қазақстанда алғаш рет өткелі тұр. 2018 жылы Щучинск қаласында Ұлттық шаңғы орталығы ашылып, Халықаралық Биатлоншылар одағының сертификаттауынан өтті. Ірі халықаралық жарыстарды өткізуге арналған «А» санатындағы лицензияға ие болды. Биыл ашық Азия чемпионатын өткізгеннен кейін біз орталықтың өзге де ірі жарыстарға дайындығын пысықтап алдық. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы чемпионатты өткізу – Қазақстанның биатлон тарихындағы айшықты оқиға. Аталған дода балалар мен жасөспірімдер арасындағы спортқа серпін беретініне сенімдіміз»,-деді Қазақстан биатлоншылар одағының Президенті Ермек Қизатов.

Бұл додада ел намысын қорғайтын Ұлттық құрама ақпандағы халықаралық жарыстардан соң белгілі болады.

Бәсеке ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Sport Qory туризм және спорт индустриясын қолдау қоры, Ақмола облысының әкімдігі, сондай-ақ Қазақстан Биатлоншылар одағының қолдауымен өткізіледі. Билет сатылымы Ticketon платформасы арқылы жүріп жатыр, бағасы 200-3000 теңге аралығында.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес