21.01.2024 | 12:41

Биатлоншылар үздік ондықты түйіндеді

Қазақстан биатлоннан аралас жұптық сында Канвон Олимпиадасында үздік 10 құраманың қатарынан көрінді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Әлема Қарабаева мен Ильяс Хасенов дуэті чемпионнан +3 минут, 22.8 секунд қалып кетіп, 10-орынға жайғасты. Мұнда Франция (44:08,2 секунд) топ жарса, Германия (+50,0) мен Норвегия (+50,3) қалған жүлдені иеленді.

Бүгінгі жарысқа барлығы 30 мемлекет қатысып, біреуі (Грекия) мәреге жетпей жарысты ерте тәмамдады.

«Бүгін жақсы жүгірдік деп ойлаймын. Күн райы мен жарыс жолы қолайлы болды. Нысана көздеуге кедергі болған жоқ. Алдағы күндері бұдан қарқынды өнер көрсетуге тырысамыз»,-деді Ильяс Хасенов Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

«Бүгінгі эстафетаны мен бастадым. Басында бәрі қиын болды. Жиырмасыншы болып келе жаттық. Өрге шығар жерде қарсыластарым мені басып озып кетіп жатты. Алайда ату кезінде жағдайды түзей алдым. Сосын, кезекті Ілиясқа бердім»,-деді Алема жарыстан кейін.

Айта кетейік, биатлоннан келесі жарыс 23 қаңтарға жоспарланған.

Суреттердің авторы - Шамкен Байырбек.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес