01.02.2024 | 19:44
Бөлісу:
Канвон-2024 – Қазақстан алтын алған алғашқы қысқы Олимпиада!
Бүгін Оңтүстік Кореяда қысқы спорт түрлерінен IV жасөспірімдер Олимпиадасы мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Қаңтардың 19-ында басталған бәсекеге 78 елден 1803 атлет келді. Тунис пен БАӘ елінің спортшылары алғаш рет қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында бақ сынады. Олар 7 спорт түрінен (15 бағдарламада) 81 жүлде жиынтығын сарапқа салды.
Ал Қазақстан намысын спорттың 5 түрінде (9 бағдарлама) 41 жасөспірім қорғады. Нәтижесінде біздің делегация 1 алтын, 2 қола медальмен жалпы есепте 20-орынға табан тіреді. Азия құрлығында алғаш өткен ойындарда 32 мемлекет жүлдеге қол жеткізді. Назарыңызға Ұлттық құраманың жекелеген бағдарламадағы нәтижесіне шолу ұсынамыз.
1. Канвон Олимпиадасының алғашқы күні шаңғымен тұғырдан секіру жарысында Қазақстан әнұраны шырқалды. Илья Мизерных 214 ұпай жинап, қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында чемпион атанған тұңғыш қазақстандық спортшы атанды. Бұл күні Алёна Свириденко 27-ші, Софья Шишкина 29-шы, Илья Шильников 30-орын алды. Аралас командалық сайыста Қазақстан (Илья Мизерных, Илья Шильников, Софья Шишкина мен Алёна Свириденко) 13-сатыға табан тіреді. Олар 491,3 ұпай жинады.
2. Шорт-тректен Қазақстан ойындарға толық құрамда (2 ұл, 2 қыз) қатысқан 9 елдің бірі болды. Мұнда Полина Омельчук 1000 метрге жарыста қола жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ ол 1500 метрге жарыста финалға шыққанымен медаль ала алмады (6-орын). Анастасия Астраханцеваның үздік көрсеткіші В финалы (6-орын). Ұлдар арасында Ерасыл Шыңғысхан мен Мейіржан Төлегеннің жекелей сындағы үздік нәтижесі ширек финал болды. Эстафетада Қазақстан жартылай финалда Ерасылдың құлап қалуына байланысты жарысты аяқтай алмаған.
3. Хоккейден (3×3) Ұлттық құрама Аустриядан 6-5 есебімен басым түсіп, қола жүлдегер атанды. Жасөспірімдер Олимпиадасы 3×3 хоккей алғаш рет қосылғанын айта кетейік. Қазақстан топтық кезеңде Польша, Испания, Ұлыбритания, Қытайдың Тайпейін ірі есеппен жеңген. Алайда Дания, Аустрия, Латвияға тартысты матчта жол берген. Соған қарамастан плей-офқа шығып, жартылай финалда Латвияға тағы есе жіберді.
4. Тау шаңғысында ел намысын Александра Скороходова мен Владислав Хохлов қорғаған. Александраның үздік көрсеткіші 5-орын (гигант слалом). Ал Владиславтың жақсы нәтижесі 19-саты (слалом).
5. Конькимен жүгіруде әпкелі-сіңлілі Кристина және Алина Шумековалар, Руслан Жәнаділов пен Михаил Матрюхин сынға түскен. Олардың жақсы нәтижесі мынадай:
Кристина Шумекова (7-орын, 500 және 1500 м)
Алина Шумекова 10-орын (500 м)
Руслан Жанәділов (8-орын, 1500 м)
Михаил Матрюхин 17-орын (1500 м)
6. Осыған дейінгі ойындарда ең көп жүлде алған биатлонда бұл жүлдесіз қалдық. Аралас жұптық сында Ілияс пен Алема 10-шы болса, аралас командалық эстафетада Қазақстан 11-орыннан көрінді. Жекелей сындағы жақсы нәтиже Кирилл Зотовтың еншісінде (23-орын, 12,5 км).
7. Фристайлдың могул түрінде Юлия Феклистова 9-шы, ал Денис Раструба ұлдар арасында 10-сатыдан көрінді. Командалық сында екеуі 12-орында қалды.
8. Кёрлингтен Ұлттық құрама (Ибрагим мен Мерей Тастемірлер) топтық кезеңнен шыға алмады. Бұл сатыда олар алдыңғы ойындардың жүлдегері Италиядан басым түсті. Алайда Аустрия, Германия, Швейцария мен Дания құрамасына есе жіберген.
9. Шаңғымен жарыста Қазақстан құрамасы (Берік Боранбаев, Әубәкір Тотанов, Милана Мамедова, Виолетта Митропольская) эстафетада 16-шы болып мәре сызығын кесті. Бұл олардың Альпенсия кешеніндегі ең жақсы нәтижесі. Жекелей сындағы жақсы көрсеткіш Берік Боранбаев (22-орын, еркін әдіс) пен Виолетта Митропольскаяда (25-орын, классикалық әдіс).
Канвон төрінде Қазақстан спортшылары алғаш рет фристайл-могул, хоккей (3×3) пен кёрлингтен жүлдеге таласты. Барлық 4 қысқы Олимпиаданы қоса есептегенде, Қазақстан жеңіп алған медаль саны 8-ге жетті (1 алтын, 1 күміс, 6 қола). Оңтүстік Кореяда Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті.
Суреттердің авторы – Шамкен Байырбек, Нұрғали Жұмағазы, Сали Сабиров.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықКанвон-2024 Қазақстан үшін табысты қысқы Олимпиадаға айналды
Олимпиаданың соңғы күні Қазақстан эстафетада сынға түсті
Олимпиаданың 12-күніне шолу