11.02.2025 | 10:57

ФРИСТАЙЛ-АКРОБАТИКАДАН АЛТЫН АЛҒАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА ҚАНДАЙ ЖЕТІСТІК ТІРКЕДІ?

Бүгін Харбиндегі Азиадада Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов жұбы қазақ спортындағы кезекті сенсацияны тіркеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Біздің команда Олимпиада чемпиондарын жеңіп, Азия рекордын тіркеп (97.92 балл), алтыннан алқа тақты. Күміс медаль алған Қытай жұбы (Ху Ген мен Юхэн Ян) бір ай бұрын Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын және күміс медаль жеңіп алған.

Ал үздік үштікті түйіндеген Ци Гуанпу Бейжің Олимпиадасында жекелей сында алтын, миксте күміс жүлдеге қол созған. Сонымен қатар ол – 2 дүркін әлем чемпионы. Онымен бірге сынға түскен Синьпэн Ли – әлем кубогында топ жарып, жұлде алып жүрген спортшы.

Тағы бір Қазақстан командасы (Асылхан Асан мен Дінмұхаммед Райымқұл) төртінші сатыға тұрақтады (83.96 ұпай).

Жалпы фристайл-акробатикадан Харбиндегі Азиадада рекордтық 11 жүлде сарапқа салынып, Қазақстан спортшылары 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде жеңіп алды.

Бұған дейінгі қысқы Азия ойындарында фристайл-акробатикадан жүлде бұйырған сәттер:

2011 жыл:

Жібек Арапбаева (күміс)

Руслан Аблятифов (қола)

Аяна Жолдас – дәл қазіргі сәтте қысқы Азиададан ел тарихындағы ең көп 3 жүлде (1 күміс, 2 қола) алған спортшы. Ол жеке, жұптық, аралас командалық сайыста медаль иеленді.

Биыл фристайл-акробатикадан синхро бағдарламасы бірінші мәрте қысқы Азия ойындарының бағдарламасына енді.

Фото: Нұрғали Жұмағазы.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес