15.01.2024 | 14:05
Бөлісу:
Канвондо Олимпиадасына баратын делегацияны шығарып салу рәсімі өтті
Бүгін елордадағы Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек арайында Оңтүстік Кореяда өтетін IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына делегацияны салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Төрт жылдықтың басты бәсекесі 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Канвон провинциясының Каннын қаласында өтеді.
Салтанатты іс-шараға Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдері, спорт ардагерлері, федерация басшылары мен мемлекеттік жаттықтырушылар қатысты.
Іс-шара барысында жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу рәсімінде ту ұстайтын спортшыларға Қазақстан Республикасының Туы салтанатты түрде тапсырылды. Алдағы күндері еліміздің байрағын шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан және конькимен жүгіру спортынан ҚР спорт шебері Кристина Шумекова алып шығады. Өз кезегінде Ерасыл Шыңғысхан ту ұстаушы ретінде көпшіліктің алдына шығып, салтанатты түрде ант берді.
Жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан құрамасы спорттың 5 түрінен бақ сынап, 55 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қысқы ойындарда ел намысын 42 спортшы биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғы жарысы, трамплиннен секіру, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, фристайл могул және шайбалы хоккей сынды спорт түрінен қорғайды.
Салтанатты жиында Ермек Маржықпаев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Қазақстан спортшылары Тәуелсіздік жылдарында барлық Жасөспірімдер Олимпиадасында 29 медаль жеңіп алды, оның 5-і қысқы Ойындарға тиесілі. Елімізде қысқы спорт түрлерінде жеңіспен өрілген жақсы дәстүр бар. Бүгінде тек елімізге ғана емес, бүкіл әлемге танымал даңқты спортшыларымыз халықаралық қысқы жарыстарда өнер көрсетіп, үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрді. Олардың қатарында шаңғышы Владимир Смирнов, конькимен жүгіруші Людмила Прокашева, биатлоншы Елена Хрусталева, мәнерлеп сырғанаушылар Денис Тен және Елизавета Тұрсынбаева бар. Сіздер бұл ойындарға қатыса отырып, зор тәжірибе жинайсыздар. Осы құнды тәжірибе болашақта пайдалы болатыны сөзсіз, өйткені сіздер Қазақстан ұлттық құрамасының резерві саналасыздар.
Бүгін біз дәстүрлі шығарып салу рәсіміне қатысып отырмыз. Сіздерге алдағы жарыста тек сәттілік тілеймін. Осыған дейін жиған бар шеберліктеріңізді, қабілеттеріңізді паш етіп, жоғары нәтиже көрсетулеріңізге және жеке рекордтарыңызды жаңартуға тілектеспін! Біз сіздерге жанкүйер болып, жеңіс тұғырынан көрінулеріңізге шын ниетпен тілеулес боламыз», - деді министр.
Жарыстың ашылу салтанаты 19 қаңтарда Каннын қаласындағы «Gangneuung Oval» спорт кешенінде өтеді. Бұл нысанда конькимен жүгіру спортынан жарыстар ұйымдастырылады. Ал Олимпиаданың жабылу салтанаты 1 ақпанда Каннындағы «Gangneung Olympic Park» спорт кешенінде өтеді деп жоспарланған.
Канвон-2024 ойындарына 14 пен 17 жас аралығындағы әлемнің 80-ге жуық елінен 1800 спортшы қатысады. Мұнда 7 спорт түрінің 15 бағдарламасы бойынша 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықКанвон-2024 Қазақстан үшін табысты қысқы Олимпиадаға айналды
Канвон-2024 – Қазақстан алтын алған алғашқы қысқы Олимпиада!
Олимпиаданың соңғы күні Қазақстан эстафетада сынға түсті