05.01.2024 | 14:49

Канвондо Олимпиадасына баратын Қазақстан спортшылары анықталды

Қаңтардың 19-ы мен ақпанның 1-і аралығында Оңтүстік Кореяның Канвондо провинциясындағы Каннын қаласында IV қысқы жастар Олимпиадасы өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Бүгін келе жатқан кешенді жарыста ел намысын қорғайтын Ұлттық құрама спортшылары белгілі болды. Азия құрлығы алғаш рет қабылдайтын жастар ойындарына Қазақстан 10 бағдарламада 42 спортшы апарады. Ал делегация сапында ресми өкілдер, бапкерлер, дәрігерлер мен БАҚ өкілдерін қосқанда 80-нен астам адам бар. Спортшылар тізімі мынадай:

Биатлон:

Алема Қарабаева

Ильяс Хасенов

Эвелина Мезенцева

Антон Редькин

Мария Воробьева

Кирилл Зотов

Тау шаңғы спорты:

Ростислав Хохлов

Александра Скороходова

Кёрлинг:

Мерей Тастемір

Ибрагим Тастемір

Конькимен жүгіру спорты:

Руслан Жанаділов

Михаил Матрюхин

Алина Шумекова

Кристина Шумекова

Шаңғы жарыстары:

Берік Боранбаев

Әубәкір Тотанов

Милана Мамедова

Виолетта Митропольская

Шаңғымен тұғырдан секіру:

Илья Мизерных

Илья Шильников

Софья Шишкина

Алена Свириденко

Фристайл-могул:

Юлия Феклистова

Денис Раструба

Шорт-трек:

Мейіржан Төлеген

Ерасыл Шыңғысхан

Анастасия Астраханцева

Полина Омельчук

Шайбалы хоккей 3х3:

Темірлан Айболұлы

Бексұлтан Мақыш

Арсений Кучковский

Әділхан Саттар

Никита Кулаков

Матвей Решетько

Расул Тұрсынов

Арман Төлен

Жахангер Тілеухан

Таир Бигаринов

Егор Кравченко

Әнуар Ахметжанов

Роман Мичуров

Шаңғы қоссайысы:

Арман Қуаныш

Барлығы бәсеке кезінде 81 Ұлттық Олимпиада комитетінен келген 1900-ға жуық атлет спорттың 7 түрінен 15 бағдарламада күш сынасады деп жоспарланған. Осы тұста қатысушы мемлекеттер мен спортшылар саны ойындар сайын көбейіп келе жатқаны байқалады.

Алдыңғы ойындарға шолу

Қазақстан алғаш 2012 жылы Инсбрукте өткен ойындардан бастап жарыстан сырт қалған емес, әрі ең жақсы нәтижесі де сол Аустрия жерінде тіркелген. Ұлттық құрама 1 күміс және 2 қола жүлдеге ие болып, жалпы есепте 23-сатыдан көрінді. Галина Вишневская-Шепоренко спринтте күміс, сосын із кесуде қола жүлде алса, Сергей Малышев классикалық жүріспен 10 шақырым жарыста үшінші нәтиже көрсеткен.

Ал 2016 жылы Лиллехаммерде (Норвегия) 2 қола медальмен шектеліп, жүлде алған мемлекеттер ішінде 26-сатыға жайғасты. Биатлоншы Арина Пантова спринтте, ал Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанауда үздік үштіктен көрінген. Сондай-ақ аралас командалық жарыста Анвар Мухамадеев күміс (конькимен жүгіру), Анита Нагай қола (шорт-трек) жүлде жеңіп алған. Алайда бұл қос медаль жалпы есепке қосылмайды.

Атап айтар болсақ, Анвар Халықаралық Олимпиада комитетің командасы сапында спринтте Элиза Дал (Нидерланд), Каролина Гашечка (Польша) және Остин Клебамен (АҚШ) бірге тұғыр сатысына көтерілген. Ал Анитамен бір қатарда Карлис Крусбергс (Латвия), Катрин Манойлова (Болгария) және Казуки Йошинагамен (Жапония) ойындардың жүлдесін мойнына таққан.

Суретте Анвар Мухамадеев.

Осыған дейінгі 2020 жылы Лозанна (Швейцария) қабылдаған ІІІ ойынға Қазақстан 26 атлет апарғанымен, жүлдесіз қалды.

Ұлттық құрама спортшылары қалай іріктелді?

Канвондо Олимпиадасына баратын спортшыларды іріктеу жарыстары ел ішінде былтыр жыл басынан бері өткен. Соның негізгісі ҚР-ның IV қысқы Жастар спорт ойындары саналады. Бас-аяғы 3 айға созылған сол сында 11 бағдарламада үздіктер анықталған (биатлон, кёрлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғы жарыстары, мәнерлеп сырғанау, фристайл-могул және фристайл-акробатика, шайбалы хоккей, шаңғымен тұғырдан секіру).

Кімнен жүлде күтеміз?

Бұл жолы Ұлттық құрама 4 шорт-трек шеберінен үміт күтеді. Төрт жыл бұрын Лозаннаға Санжар Жанысов пен Мария Горбунова ғана барған. Мейіржан Төлеген, Ерасыл Шыңғысхан, Анастасия Астраханцева мен Полина Омельчук – жоғарыда айтылған еліміздегі IV қысқы жастар спорт ойындарының жеңімпазы мен жүлдегері. Осы тұста Мейіржан Төлеген мен Ерасыл Шыңғысхан үшін алғашқы халықаралық кешенді жарыс емесін айта кеткен жөн. Қос атлет былтыр ақпанда Ресейдің Кемерово қаласында болған «Азия балалары» ІІ қысқы ойындарында жасындай жарқылдаған. Мейіржан – сол кезде қазақ шорт-трекшілер арасындағы жалғыз алтынның иегері.

Суретте Мейіржан Төлеген, 2023 жылғы ақпан.

«Қазір дайындық жоспар бойынша өтіп жатыр. Маусымның ортасы болғандықтан бәрі бабында. Бізде ұлдар мен қыздар бірдей жоғары қарқында жарыса алады. Мақсат біреу ғана. Барынша жоғары нәтиже көрсетуге тырысамыз. Осы жолы шорт-тректен жекелей сында 1500 метрге жарыс қосылды. Бұл біз үшін тағы бір жақсы жаңалық. Алдын тек 500-1000 метрге жүлде сарапқа салынған»,-деді шорт-тректен Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Данабек Хайров.

Сонымен қатар конькимен жүгіруден бақ сынайтын спортшылар өз жас санатындағы халықаралық жарыстарға барып, тәжірибе жинап үлгерді. Мәселен, Михаил Матрюхин былтыр Ресейде өткен «Азия балалары» ІІ қысқы ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізіп, бәсекеге дайын екенін көрсеткен-ді.

«Спорттың бұл түрінен Оңтүстік Кореяға баратын қыз-жігіттерді былтыр желтоқсанда Қазақстан Кубогында іріктедік. Келе жатқан ойындарда барлығының жүлде алатын мүмкіндігі бірдей. Қазір дөп басып айту қиын. Біздің спортшылар осыған дейін халықаралық жарыстарға қатысып көрген. Руслан Жанаділов, егіздер Алина Шумекова мен Кристина Шумекова бірнеше ай бұрын Италияда өткен жастар арасындағы Әлем Кубогы кезеңдерінде жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Алина мен Кристина жүлделі орыннан көрінді. Қазір бәрі Астана қаласында Дирекция ұйымдастырып жатқан оқу-жаттығу жиынында жүр»,-деді конькимен жүгіруден Мемлекеттік жаттықтырушы Кенжеш Сәрсекенова.

Делегация сапындағы Алема Қарабаева, Илья Мизерных, Илья Шильников және Мерей Тастемір сынды өзге спортшылар осыған дейін шетелде бірнеше мәрте сынға түсіп, бапкерлер назарына іліккен.

Ұйымдастыушылар ойындарды жанкүйерлерге барынша қол жетімді ету үшін Каннында өтетін салтанатты ашылу рәсімінен басқа барлық жарысқа билетті тегін үлестіріп жатыр. Билетті брондау үшін: tickets.gangwon2024.org.

Айта кетейік, ашылу рәсімі 19 қаңтарда Gangneung Oval және PyeongChang Dome стадиондарында бір мезетте қатар өтеді.

Пайдалы сілтемелер:

Жарыс өтетін жерлер жайлы ақпарат

Спорт түрлері жайлы ақпарат

Жарыс кестесі

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес