13.04.2023 | 13:07

Мәдениет және спорт министрлігінің Кубогы Талдықорғанда!

16-22 сәуір аралығында Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында мектеп-интернат-колледждер арасындағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Кубогы өтеді.

Былтыр алғаш рет өткен бәсекеге еліміздің 17 спорт оқу ордасы қатысқан. Биыл аталған оқу орындары дзюдо, бокс, таеквондо, грек-рим және еркін күрестен сынға түседі. Таеквондо биыл бағдарламаға бірінші рет қосылды. Ал жүлде жолында 2007-2008 жылдары дүниеге келген шәкірттер бақ сынайды.

Биыл да барлық команда 4 топқа бөлініп, айналмалы жүйе бойынша бір-бірімен кездеседі. Топта 1-орын алған оқу ордасы ғана жартылай финалға жолдама алмақ. Сосын, А мен С тобының, тағы В мен D тобының үздігі ақтық сынға шығу үшін таласады.

Сәуірдің 21-іне жартылай финал жоспарланған. Ал ертесіне, яғни 22 сәуірде жүлдегерлер белгілі болады. Биыл да Кубоктың жалпы жүлде қоры – 10 миллион теңге. Жеңімпаз 5 миллионға ие болса, 2-орынға үш, қола медаль алған командаға 2 миллион беріледі.

Командалық бәсекенің мақсаты – дарынды балалардың көзге түсуіне жағдай жасау, спорт мектеп-интернат-колледждер арасындағы бәсекелестікті арттыру.

Былтыр Астана қаласында болған финалда Қ.Мұңайтпасұлы атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі жеңіске жеткен. К.Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі (Алматы) 2-орынға ие болса, үздік үштікті Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі (Қызылорда) түйіндеді.

«Жастар» спорт сарайының мекенжайы: Дінмұхаммед Қонаев көшесі 22.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес