23.02.2023 | 16:05

Павлодарда IV қысқы жастар ойындарының ашылу салтанаты өтті

Іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, облыстың туризм және спортты дамыту басқармасының басшысы Даур Ерғабылов, Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Азамат Имашев қатысты. Облыс әкімі Асайын Байханов сайыскерлерге сәттілік тілеп, жарыстың қызық әрі тартысты өтетініне сенім білдірді.

Қысқы жастар ойындарының басты мақсаты – елімізде қысқы спорт түрлерін дамыту. Барлық бәсекеден соң әр спорт түрінен еліміздің жастар құрама командалары жасақталып, алдағы халықаралық ресми жарыстарға, оның ішінде 2024 жылы Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өтетін қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасына баратын спортшылар анықталады. Сондай-ақ 2026 жылғы Милан және Кортина Олимпиада ойындарына қатысатын мықты спортшылар іріктеледі.

Айта кетейік, биылғы кешенді жарыс кезінде 11 спорт түрінен үздіктер анықталмақ. Олар: биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғы жарыстары, мәнерлеп сырғанау, фристайл-могул және фристайл-акробатика, шайбалы хоккей, шаңғымен тұғырдан секіру.

Төрт жылда бір өтетін кешенді жарыстың шымылдығын шаңғымен тұғырдан секірушілер мен кёрлингшілер ашып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтап қойды. Сондай-ақ байрақты бәсекенің жабылуы 8 сәуір, сағат 14:00-де Астана қаласында ұйымдастырылады деп жоспарланған.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес