22.05.2023 | 16:02

Қазақстан құрамасы өз алаңында 6-рет Азия чемпионы атануға тырысады

Ертең Алматы қаласында басталатын регби 15-тен әйелдер арасындағы XII Азия чемпионатында Қазақстан, Жапония және Гонконг құрамасы өзара кім мықтыны анықтайды. Жоғарғы дивизиондағы бәсекеге Қытай құрамасы соңғы сәтте қатыса алмайтынын хабарлады.

Алғашқы матчта жарыс қожайыны Қазақстан Гонконгпен күш сынасады. Анна Яковлева баптайтын Қазақстан қазір әлем рейтингінде 19-шы, ал қарсылас 15-орынға келе жатыр. Осы жұптың мықтысы 28 мамырдағы финалда Жапония регбишілеріне қарсы алаңға шығады.

Әйелдер арассындағы регбиден сары құрлық бәсекесі 2006 жылдан бері өтіп келеді. Алғашқы чемпионатты Қытайдың Куньмин қаласы қабылдап, алаң иелері бас жүлдеге ие болған. Содан бері Қазақстан 5 мәрте топ жарса, Жапония 4, Қытай мен Гонконг бір рет алтыннан алқа таққан.

Жылдың аяғында 1 дивизиондағы (жоғарғы дивизионнан кейінгі) Азия чемпионаты Үндістанда болады. Онда алаң қожайындары Филиппин және Сингапурдан келген құрбыларымен сынға түседі.

WXV деген қандай турнир?

Бұл жаһандық жарыс арқылы әлем құрамалары 2025 жылғы регбиден әлем чемпионатына бара алады. Мәселен, биылғы Азия чемпион мен күміс жүлдегері жаңадан құрылған жыл сайынғы 3 кезеңнен тұратын әлемдік бәсекеге жолдама алады (WXV). Атап айтар болсақ, жеңімпаз WXV 2, яғни 2-кезеңде Еуропаның 2, Pacific Four сериясында 4-орын алған құрамамен, сондай-ақ Африка мен Тынық мұхиты аумағындағы бір-бір командамен кездеседі (барлығы 6 құрама). Соңғы орын алған ел келесі жылғы турнирді WXV 3-кезеңде өткізеді.

Ал Азия чемпионатының күміс жүлдегері WXV3 кезеңде бақ сынайды. Мұнда да 6 құрама болады (Еуропадан 2, Азия, Тынық мұхиты, Африка мен Оңтүстік Америка құрлығынан бір-бір команда).

Азия чемпионатының ойындарын мына жерден көре аласыздар.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес