23.02.2023 | 08:42

Қазақстандық спортшылар Кузбасс облысына жетті

Бүгін таңертең Қазақстан делегациясының негізгі бөлігі «Азия балалары» ІІ қысқы спорт ойындарына қатысу үшін Кузбасс қаласына жетті. Бұл қатарда конькимен жүгірушілер, шаңғымен тұғырдан секірушілер, команда жетекшілері бар.

Ойындардың ресми ашылуы 25 ақпанда «Кузбасс» мұз сарайында өтеді. Жалпы бағдарламада 10 спорт түрі бар. Ал Қазақстан солардың алтауынан 64 спортшы апарды. Олар: шорт-трек, конькимен жүгіру, кёрлинг, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, шаңғымен тұғырдан секіру.

Осыған дейінгі қысқы спорттан алғашқы «Азия балалары» ойындары 2019 жылы Ресейдің Оңтүстік Сахалин қаласында өткен. Ол кезде Қазақстан құрамасы 74 спортшы апарып, 7 алтын, 7 күміс және 6 қола медальмен жалпы есепте 6-орыннан көрінген. 2019 жылы барлығы 11 команда қатысқан. Ал биылғы ойындарға 12 команда қатысады. Бұл қатарда Таиланд, Ливан мен Ауғанстан елі алғаш рет жастарын жібергенін айта кеткен жөн.

Жүлдегерлер қандай медаль алады?

Ресейдің Кузбасс қаласында өтетін «Азия балалары» ІІ қысқы спорт ойындарының медалі таныстырылды.

Жүлденің бетінде халықаралық ойындар логотипі спортшы иероглифінің бейнесінде салынған. Ұйымдастырушылар осы арқылы Азия халықтарының жазба мəдениетіне құрмет көрсетуге тырысқан. Оның астында «Сhildren of Аsia», «2023», «Кuzbass», деген жазу тұр. Ал медальдің ту сыртында «Азия балалары» халықаралық комитетінің логотипі бар.

Айта кетейік, қысқы спорт түрлерінен «Азия балалары» ойындары 23 ақпанда басталып, 5 наурызда аяқталады. Мұнда 16 жасқа дейінгі спортшылар сынға түседі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес