27.09.2024 | 18:59

«ҚУАНЫШ» ВОЛЕЙБОЛ КЛУБЫ 3-ОРЫНҒА ТАЛАСАДЫ

Таиландтың Накхонратчасима қаласында волейболдан әйелдер клубтары арасында Азия чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Санаулы сәттер бұрын«Чартчай» кешенінде еліміздің «Қуаныш» клубы жартылай финалда Вьетнамның LPBank Ninh Binh командасынан 1-3 есебімен жеңіліп қалды (23-25, 27-25, 25-18, 25-22).

Сәл ертеректе NEC Red Rockets Kawasaki (Жапония) клубы жарыс қожайыны Nakhonratchasima QminC клубын 3-2 есебімен (23-25, 22-25, 25-17, 25-19, 15-10) жеңіп, финалға жолдама алып қойған. Ақтық матч 29 қыркүйекте өтеді. Қола медальді «Қуаныш» пен Накхонратчасима сарапқа салады.

Бүгін финалға шыққан Жапония мен Вьетнам өкілі финал нәтижесіне қарамастан, әлем чемпионатында Азия құрлығының атынан сынға түседі. Волейболдан клубтар арасындағы әлем чемпионаты (FIVB) биыл 16-22 желтоқсан аралығында Қытайда өтеді.

Айта кетейік, СҚО-ның командасы сары құрлық чемпионатын А тобында бастап, алғашқы ойында Вьетнамның Duc Giang Chemical клубын айқын басымдықпен ұтқан (3-0). Ал 2-турда жарыс қожайыны Nakhon Ratchasima QminC командасы әжептеуір қарсылық танытты. Алайда «Куаныш» ойыншылары бесінші партияда 15-13 есебімен басым түсті (3-2). Ізін ала Гонконгтың Kwai Tsing клубы біздің чемпиондарымыздың «құрбанына» айналды (3-0).

Осыдан кейін Қазақстан клубы ширек финалда Иранның «Сайпа Клаб» ұжымын 3-1 (24-26, 25-15, 25-18, 25-12) орта жолда қалдырды. Осы матчта Сана Анарқұлова 24 ұпай, тағы бір волейболшымыз, команда капитаны Юлия Дымар 17 ұпай жинап, үздік бомбардир атанды.

Анықтама:

Ерлер мен әйелдер арасындағы клубтар арасындағы Азия чемпионаты 1999 жылдан бастап жыл сайын өтеді. Осы аралықта әйелдер арасында Қытай клубтары ең көп жеңіске жеткен (8 мәрте). Одан кейін Таиланд (6) пен Қазақстан (4) тұр.

Азия чемпионы атанған еліміздің клубтары: «Рахат» (2004 жылы, Алматы), «Рахат» (2007 жылы, Вьетнам), «Алтай» (2021 жылы, Таиланд), «Қуаныш» (2022 жылы, Семей).

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес