29.01.2024 | 12:39
Бөлісу:
Қысқы Олимпиаданың 10-күні артта қалды
Оңтүстік Кореяның Каннын қаласында қысқы спорт түрлерінен IV жасөспірімдер Олимпиадасының басталғанына 10 күн өтті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Қазір Қазақстан делегациясы 1 алтын, 2 қола медальмен жалпы есепте 17-сатыда тұр. Елімізге алғашқы алтынды Илья Мизерных сыйласа, Полина Омельчук (шорт-трек) пен хоккейден Ұлттық құрама қола медаль жеңіп алған.
Бүгін Ұлттық құрама спортшылары шаңғымен жарыста және кёрлингте сынға түсті. Мерей мен Ибрагим Тастеміровтер топтық кезеңде Швейцария құрамасына (Яна-Тамара Хахлен, Невио Каччивио) жол берді. Есеп: 1-9.
Осыдан кейін шаңғымен жарыста Қазақстан атлеттерінен жақсы нәтижені Берік Боранбаев көрсетті. Ол спринтте іріктеуден сүрінбей өтіп, ширек финалдан ары аса алмады. Аубәкір Тотанов 37-ші сатыға тұрақтады (3:18.78). Қыздар арасында Виолетта Митропольская 33-ші (3:50.35), Милана Мамедова 56-орыннан көрінді (4:13.16). Осы тұста бүгін Виолеттаның туған күні екенін айта кетейік. Ол 18 жасқа толды.
Спринтте қыздар арасында Эльза Тенгландер (Швеция, 3:33.98) топ жарса, Кайса Йоханнсон (Швеция, 3:33.98) екінші, Нейли-Лотта Карпеллин (Финляндия, 3:34.46) үшінші сатыға жайғасты. Ұлдарда Федерико Поцци (Италия, 3:16.27) алтыннан алқа тақты. Күміс Элиас Мохта (Германия, 3:16.60), үздік үштікті Тэйбор Гринберг (АҚШ, 3:17.33) түйіндеді.
Ертең шаңғымен 7,5 шақырымға жарыс (классикалық жүріспен) өтеді. Спортшылар Астана уақытымен 8:00-де (ұлдар) және 10:30-де (қыздар) шығады. Ал кёрлингтен Қазақстан мен Италия ойыны 15:00-де басталады. Жасөспірімдер Олимпиадасы 2 ақпанда мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасын Olympics.com Youtube арнасынан көре аласыздар.
Суреттердің авторы – Шамкен Байырбек, Нұрғали Жұмағазы, Сали Сабиров.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықКанвон-2024 Қазақстан үшін табысты қысқы Олимпиадаға айналды
Канвон-2024 – Қазақстан алтын алған алғашқы қысқы Олимпиада!
Олимпиаданың соңғы күні Қазақстан эстафетада сынға түсті