30.01.2024 | 20:06
Бөлісу:
Қысқы Олимпиаданың 11-күні: кёрлингшілер жеңіске жетті
Оңтүстік Кореяның Каннын қаласында өтіп жатқан қысқы спорт түрлерінен IV жасөспірімдер Олимпиадасының 11-күні аяқталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бүгін Қазақстан спортшылары шаңғымен жарыс және кёрлингте бақ сынады. Таңертең 7,5 км классикалық әдіспен жарыста қыздар арасында Виолетта Митропольская (24:06.8) 25-сатыға табан тіреді. Милана Мамедова болса 27:28.8 секундтан соң жарысты тәмамдап, 52-ші болды. Алтынды Финляндия атлеті Нелли-Лотта Карппелин (22:19.6) мойнына тақты. Күміс пен қола Франция құрамасындағы Агазе Маргрейзер (22:30.1) мен Аннет Коупаттың (22:32.3) еншісінде кетті.
Ұлдар арасында Берік Боранбаев (21:39.9) мәре сызығын 35-ші, Аубәкір Тотанов (21:59.7) 40-шы болып кесті. Мұнда Германия спортшысы Якоб Элиас Мох (19:47.2) ешкімге дес бермеді. Одан кейін Джонас Меллер (Германия, 19:52.6) мен Гуентин Леспин (Франция, 19:54.1) жайғасты. Ертең, 31 қаңтарда аралас командалық эстафета өтеді.
Ал кёрлингтен Ұлттық құрама топтағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ибрагим мен Мерей Тастеміровтер Италиядан келген құрдастарынан (Виттория Майори/Эллиа Энчелатти) 10-2 есебімен басым түсті. Ертең Қазақстан мен Дания арасындағы матч Астана уақытымен сағат 9:30-да басталады.
Қазір Қазақстан делегациясы 1 алтын, 2 қола медальмен жалпы есепте 18-сатыда тұр. Елімізге алғашқы алтынды Илья Мизерных сыйласа, Полина Омельчук (шорт-трек) пен хоккейден Ұлттық құрама қола медаль жеңіп алған.
Суреттердің авторы – Шамкен Байырбек, Сали Сабиров.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықКанвон-2024 Қазақстан үшін табысты қысқы Олимпиадаға айналды
Канвон-2024 – Қазақстан алтын алған алғашқы қысқы Олимпиада!
Олимпиаданың соңғы күні Қазақстан эстафетада сынға түсті