07.11.2023 | 18:22

«Шахмат керуені» Түркістанда гранд-финал үздіктерін анықтайды

Ел өңірлерінің интеллектуалды әлеуетін арттыруға бағытталған «Шахмат керуені» жобасы 10 қарашада Түркістанда гранд-финал өткізеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі. Соған орай сағат 10.00-де Rixos Grand Ballroom залында үлкен мерекелік іс-шара болады.

Қазақстан шахмат федерациясы бастаған бұл ауқымды жобаға Freedom Broker компаниясы бас демеушілік жасап отыр. Керуен екі ай ішінде еліміздің 18 аймағында әуесқойлар арасында блиц-турнир ұйымдастырып, жартылай финал жеңімпаздарын анықтаған еді. Жалпы жүлде қоры 16 миллион теңгені құрайтын гранд-финалда жүзден жүйрік шыққан 60 ойыншы бас бәйге үшін бақ сынамақ.

Жеңімпаздарға арналған сыйақы:

І орын үшін – 5 млн теңге;   

ІІ орын үшін – 2,5 млн теңге;  

ІІІ орын үшін – 1 млн теңге;  

ІV орын – 500 мың теңге;

V орын – 300 мың теңге;

VІ орын – 150 мың теңге.

Сондай-ақ, әйелдер арасында үздік нәтиже көрсеткен қатысушы, 12, 14, 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен ардагер ойыншыларға 100 мың теңге көлемінде ақшалай сертификаттар табыс етіледі.

«Шахмат керуені» – Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, зияткерлер ойынын республика деңгейінде дәріптеуді мақсат еткен жоба. Керуен идеясына халықтардың мәдени және спорттық мұрасын әлемге таратқан Ұлы Жібек жолы түрткі болған.

Жоба аясында әр облыста федерацияның филиалдары ашылып, жаңа төрағалар тағайындалды. Бұл шахмат спортының шалғай аймақтарда тың серпін алуына жағдай жасамақ.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес