30.05.2024 | 15:13
Бөлісу:
Триатлоннан 16 жылдан кейін лицензия қалай келді? Екатерина Шабалина Олимпиадаға қалай дайындалады?
Қазақстан триатлоннан араға 16 салып, Олимпиадаға спортшы апарады. Квотаға Екатерина Шабалинаның қол жеткізгені ресми хабарланды. Спортшы бірнеше күн бұрын жақсы жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған.
Алайда Халықаралық триатлон федерациясы мұны бүгін растады. Осы тұста жолдама қалай берілгені жайлы, сосын Ұлттық құрама спортшысының ойындарға қалай дайындалатыны жөнінде команданың аға бапкері Аслан Абдрахмановтан сұрадық.
«Жаңа ту» (New Flag) деген не? Онда лицензия қалай беріледі?
- Мұнда әлемдік іріктеу сериясында тікелей лицензия ала алмаған триатлоншылар қатысады. Спортшының алдыңғы ойындардан кейінгі 4 жылдағы жарыстағы ұпайлары қосылып отырады. Осы тұста бір жылда атлет қол жеткізген 6 жарыстағы жоғары балл ғана есепке кіретінін айта кету керек. Яғни, турнир саны емес, сапасы маңызды. Бұл санатқа әлем рейтингінде тек 180 спортшының ішіндегілер іріктеледі. Әлемдік серияда жолдама алған елдің екінші өкілі New Flag-қа қатыса алмайды.
«Әлемдік іріктеу сериясы 26 мамырда аяқталды. Екатерина қажет ұпайдың басым бөлігін былтырғы маусымда жинап алған. Жыл өткен сайын бәсекелестік артып келе жатыр. Бірнеше Олимпиадада жолдама ала алмай келдік. Сондықтан бұл квотаны көп күттік деп деп айта алам»,-деді Аслан.
Еске сала кетейік, Екатерина Шабалина былтыр Сауд Арабиясында өткен Азия чемпионатында спринтте топ жарған. Ал оның алдында Аустрияда өткен Еуропа Кубогында, Мысырдағы Африка Кубогында мәреге бірінші келген. Тіпті, Ханчжоудағы Азия ойындарындағы 4-орын Шабалинаға әжептәуір ұпай алуға жол ашты.
Құрлықтағы негізгі қарсыласы Бэйли Браун (Гонконг) биыл қатарынан 3 медаль алып, жуырда Бурабайдағы Азия Кубогында отандастарымыздан озып кеткенімен, бұл қорытынды рейтингке әсер ете алмады.
New Flag. Әйелдер арасында Азия рейтингі:
Екатерина Шабалина – 2037.66 балл (әлем рейтингінде 53-орын)
Бэйли Браун – 1880.30 балл (әлем рейтингінде 63-орын)
Шарлотта МакШайн (Аустралия) – 1829.71 балл (әлем рейтингінде 64-орын)
Ерлер арасында да жалғыз билетке Қазақстан мен Гонконг триатлон шебері таласқа түсті. Аян Бейсенбаев былтыр күзде Сауд Арабиясында алтын алып (Азия чемпионаты), Ханчжоуда қолаға қол жеткізген. Ал Джейсон Тай Лонг Нгом Азия чемпионатында 2-ші, Азия ойындарында 5-орынмен шектелді. Алайда осы сол олқылығын Қытайда өткен (Вэйхай) Әлем Кубогындағы 7-орынмен түзеп, жағдайды теңестіре алды. Ал Бурабайдағы құрлық Кубогындағы жоғарғы орын Тай Лонгқа басымдық берді. Нәтижесінде Аян негізгі қарсыласынан 31,84 балл аз жинады.
Ұлттық құраманың аға бапкері Екатерина Шабалина физикалық дайындығын шыңдау үшін жазда бірнеше жарысқа баратынын атап өтті.
«Алдағы күндері ол Аустрияда оқу-жаттығу жиынын бастайды. Сосын, жоспарға сәйкес сол құрлықта өтетін Еуропа және әлем Кубогында, әлемдік сериядағы турнирде бақ сынайды. Осыдан кейін ғана оның дайындығы қалай болғанын дөп басып айта аламыз. Ал тактика жағынан жұмыс еш тоқтаған емес»,-деп айтты Аслан Абдрахманов Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Триатлон Олимпиада бағдарламасына кіретін ең жас спорт түрінің бірі саналады (2000 жыл Сидней Олимпиадасы). Осыған дейін 2008 жылы Бейжіңдегі ойындарда бір қазақстандық (Даниил Сапунов) сынға түскен. Грекия астанасына елден 3 триатлоншы – Дмитрий Гааг, Даниил Сапунов, Екатерина Шатная барған. Ал Сиднейде 2 отандасымыз (Дмитрий Гааг, Михаил Кузнецов) жүлдеге таласқан.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасында спорттың бұл түрінен жүлдегерлер 30 шілде мен 5 тамыз аралығында анықталады. Ойындарға әйелдер арасында 110 таңдаулы спортшы (55 әйел, 55 ер) іріктеледі. Сондай-ақ, миксте 12 команда кім мықтыны анықтайды. Триатлонда лицензия спортшының жеке өзіне беріледі.
Суреттер: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі..
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: