26.07.2022 | invalid

Жаңа облыс Жетісуда IV ауыл спорты ойындары басталды

Бүгін Талдықорған қаласында жасөспірімдер арасында IV ауыл спорты ойындары басталды. Бұл жуырда құрылған Жетісу облысында өтетін алғашқы ірі жарыс екенін айта кету керек. Биыл ауылдан шыққан жастар 3 шілдеге дейін 12 спорт түрі – шағын футбол, волейбол, баскетбол (3*3), көгалдағы хоккей, қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, армрестлинг, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес пен үстел теннисінен өзара кім мықтыны анықтайды.

Төрт жылда бір өтетін дәстүрлі жарысқа тек облыстар ғана команда қосады. Осы жолы Жетісуға 14 өңірдегі ауылдардан келген 3000-ға жуық жас спортшы жиналды. Жарыстың бас төршісі - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитеті жанындағы Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Азамат Имашев.

Ашылу рәсімінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев бұл ойындардың маңызы зор екеніне тоқталды.

«Осынау дүбірлі жарысты Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында өткізу – біз үшін үлкен жауапкершілік, әрі зор мәртебе.

Жасөспірімдер тәрбиесі – бүгінгі күннің аса өзекті мәселелерінің бірі. Оларды бұқаралық спортқа тарту арқылы ерік-жігерін шыңдау, мінез-құлқын тәрбиелеу, рухын бекемдеу – біздің ортақ міндетіміз. Осы орайда бүгінгі ашылып отырған жазғы ойындардың маңызы зор.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ұлт саулығын нығайту, спорт нысандарының балалар мен жасөспірімдерге қолжетімді болуын қамтамасыз ету шараларына ерекше назар аударуды тапсырды. Осы ретте Жетісу төрінде ұйымдастырылып отырған ауыл жасөспірімдерінің жазғы ойындары спорт саласын дамытуға оң ықпал етеді деп білемін»,-деп айтты Бейбіт Исабаев.

Жазғы ойындардың мақсаты – ауылдарда бұқаралық спортты дамыту, өңірлердегі дарынды спортшылардың көзге түсуіне жағдай жасау, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық арасында салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты дамыту туралы Жолдауын іске асыру.

Ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті. Ойындар «Балалар жылы» аясында өткізіліп жатыр.

Айта кетейік, IV ауыл спорты ойындарының нәтижесін біздің сайтымыз бен әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан біле аласыздар. «Спортты дамыту дирекциясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының серіктестері – «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен SportQory қамқоршылық қоры.

Анықтама:

2010 жылы Астанадан бастау алған жасөспірімдер арасындағы басты бәсеке араға 4 жыл салып Тараз қаласында өтті. II ауыл спорты ойындарында 14 облыстың 1300-ден астам жасөспірімі спорттың 9 түрінен (волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, еркін күрес, үстел теннисі, таеквондо мен президенттік жазғы көпсайыс) 46 медаль жиынтығын сарапқа салды. Ал ІІІ ойындарды 2018 жылы Қызылорда қаласы қабылдады. Сыр бойында 2001-2003 жылдарда дүниеге келген саңлақтар волейбол, шағын футбол, гандбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, еркін күрес, асық ату, грек-рим күресі, дзюдо мен таеквондодан шеберлік байқасқан.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес