25.01.2024 | 17:22

Жасөспірімдер Олимпиадасы: 6-күннің шолуы

Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан қысқы спорт түрлерінен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының 5-жарыс күні Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір медальмен толықты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Хоккейден (3×3) Ұлттық құрама Канвон Олимпиадасының қола медалін жеңіп алды. Жүлде жолындағы матчта біздің команда Аустрия құрамасынан басым түсті. Есеп: 6:5  (4:1, 1:2, 1:2). Бәсекенің бас жүлдесін Латвия жеңіп алса, күміс жүлде Дания еншісінде.

Конькимен жүгіруден аралас командалық эстафетада Ұлттық құрама жартылай финалда қателік жіберіп (Руслан Жәнаділов, Кристина Шумекова) ақтық сынға шыға алмады. Мұнда Қытай құрамасы жеңімпаз атанды. Күміс Оңтүстік Корея, қола Нидерланд спортшыларында кетті. Ертең шешуші жарыс масс-стартта Кристина және Алина Шумековалар, Руслан Жәнаділов, Михаил Матрюхин астана уақытымен 8:30-да мұзайдынға шығады.

Тау шаңғысынан слаломда Александра Скороходова мәреге 1:40.34 секундта келіп, 9-сатыға тұрақтады. Аустрия құрамасының өкілі Майя Варошиц (1:37.49) чемпион атанса, Шарлотта Грандингер (Германия, 1:38.08) күміс, Джорджио Коломб (Италия, 1:38.46) қоланы місе тұтты.

Ростислав Хохлов ұлдар арасында 19-орыннан көрінді (1:46.38). Алтын Ұлыбритания атлеті Зак Кэррик-Смитте (1:38.61), одан кейінгі сатыға Эллиот Вестлунд (Швеция, 1:38.66) пен Нэш Хуот-Маршан (Франция, 1:38.87) жайғасты. Ертең тау шаңғысынан аралас командалық эстафета өтеді. Жарыс Астана уақытымен таңғы 8:00-де басталады.

Сондай-ақ ертең параллель фристайл-могулда Юлия Феклистова мен Денис Раструба ел намысын қорғайды. Жарыс 10:00-де өтеді.

Қазір Қазақстан жалпы есепте 1 алтын, 2 қола медальмен 15-сатыда. Азия құрлығында алғаш рет өтіп жатқан кешенді жарыс қазірдің өзінде Қазақстан үшін тарихи нәтижемен есте қалды. Осыған дейінгі ойындарда отандастарымыз чемпион атанбаған еді. Жасөспірімдер Олимпиадасы 2 ақпанда мәресіне жетеді.

Суреттердің авторы – Шамкен Байырбек, Нұрғали Жұмағазы, Сали Сабиров.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес