07.11.2023 | 18:40
Бөлісу:
Алматыда WKF каратэден Азия чемпионатының ашылуы өтті
Бүгін Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде WKF каратэден жасөспірімдер мен жастар арасында XXI Азия чемпионаты және ересектер арасында 1-ші ашық Азия чемпионатының ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Іс-шараға Азия каратэ-до федерациясының вице-президенті Рашид Аль Али, Спортты дамыту дирекциясының директорының уақытша міндетін атқарушы Азамат Имашев, Қазақстан каратэ-до WKF федерациясы одағының вице-президенті Болат Хавлахат қатысты.
«Баршаңызды жарыстың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Азия чемпионатын ұйымдастырушыларға және шараға қолдау көрсеткен демеушілерге алғысымды білдіргім келеді. Құрметті спортшылар мен жаттықтырушылар! Сіздердің күш жігерлеріңіз, спорттық ынтаңыз бен жеңістеріңіз жас спортшыларға жарқын үлгі болуы тиіс. Жеңістен жеңіске жете берейік!», - деп Болат Хавлахат алғашқы болып сөз сөйлеп қатысушыларды құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аудару, сондай-ақ спортты халық арасында танымал ету, балалар мен жастарды спорт секцияларына тарту бойынша нақты қадамдар жасау қажеттігін атап өтті. Бұл іс-шараның еліміз үшін маңызы зор. Біздің елімізде осындай маңызды ірі жарыстар өткізу халықтың спортқа деген қызығушылығын арттырады. Бұл өз кезегінде спорттың дамуына үлкен үлес қосады. Чемпионатқа қатысатын спортшыларға сәттілік тілеймін!», - деді өз сөзінде Азамат Имашев.
10 қарашаға дейін жалғасатын бәсекеге құрлықтағы 30-ға жуық елден 600 татами шебері жиналды. Бұл қатарда 39 қазақстандық бар. Айта кетейік, дүбірлі дода кумитэ және ката бағдарламасында жасөспірімдер (14-17 жас), жастар (18-20 жас) және ересектер (18 жастан асқандар) арасында өтеді.
Жарыстың бас демеушілері - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ акционерлік қоғамы мен Sport Qory спортты қолдау қоры.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: