26.09.2024 | 08:39

БҮГІН ФУТЗАЛДАН ҚАЗАҚСТАН МЕН ПОРТУГАЛИЯ ҚҰРАМАСЫ АРАСЫНДАҒЫ МАТЧ ӨТЕДІ

Бүгін футзалдан Қазақстан құрамасы Ташкент қаласында әлем чемпионатының 1/8 кезеңінде Португалиямен ойнайды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Өзбекстан астанасындағы матч «Хумо-Аренада» 20:00-де басталады (Астана уақытымен). Ойынды «Қазспорт» арнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Осы тұста «Хумо-Аренаға» қатысты қызық жайт: бұл кешенде 2023 жылы өткен бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алған (жалпы есепте 2-орын). Ал 2022 жылы өткен дзюдодан әлем чемпионатында Елдос Сметов (60 кг) пен Әбиба Абужақынова (48 кг) өз салмағында қола жүлдеге қол жеткізіп, жанкүйерлерімізді қуантқан.

ҚАЗАҚСТАН – ПОРТУГАЛИЯ

Екі құрама осыған дейін 2021 жылы Литвада өткен Әлем Кубогының жартылай финалында кездескен. Ол матчтың шолуын мына жерден көре аласыздар. Осыдан кейін Португалия финалда Аргентинадан басым түсіп, алғаш рет әлем чемпионы атанған.

Еске сала кетейік, Ұлттық құрама әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне D тобынан 2-орынмен шықты. Рикардо Кака баптайтын ойыншылар Испаниямен тең түсіп (1-1), кейін Ливияны (8-0) және Жаңа Зеландияны (10-0) жеңген. Испания бізден 1 гол көп соғып, топта 1-орын алған. Алайда Переней түбегінің өкілі кеше плей-оффта күтпеген жерден Венесуэла командасынан (1-2) жеңіліп, жарысты орта жолдан аяқтады.

Португалия Өзбекстандағы доданы Е тобында бастап, 1-орынмен келесі айналымға шықты.

Қазақстан-Португалия жұбының жеңгені 3 қазанда Ташкентте ширек финалда Аргентина/Хорватия құрамсының бірімен кездеседі. Аргентина – осыған дейінгі әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

Команда қатарына Дәурен Тұрсағұлов (Испаниямен ойында алаңнан қуылған) қайта оралғанымен, Жаңа Зеландиямен ойында қызыл қағаз алған Леоны Португалиямен ойында алаңға шығара алмаймыз. Сондай-ақ негізгі құрамның футболшысы Біржан Оразов пен Азат Валиуллиннің жарақаты бар. Шығу, шықпауы белгісіз.

Фото: ҚФФ.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес