26.11.2023 | 17:08
Бөлісу:
Биатлоннан Қазақстан Кубогының алғашқы кезеңі аяқталды
Бүгін Ақмола облысында Щучинск қаласында биатлоннан Қазақстан Кубогының алғашқы кезеңі мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Екінші жарыс күні ерлер арасында 7,5 шақырым спринтте Антон Башкиров (Ақмола облысы) ешкімге дес бермеді. Ол нысана көздеу кезінде 3 мәрте мүлт кетті. Оның уақыт көрсеткіші 20 минут, 40,7 секунд. Одан кейін Александр Бирюков (Ақмола облысы) пен Владимир Батрынча (Қарағанды облысы) жайғасты. Екеуі жеңімпаздан 1 минуттан астам уақыт қалып кетті.
«Кеше тұрып нысана көздеуде көп қателестім. Жалпы нәтижеге қатты әсер еткен. Ал бүгін жатып ату кезінде көрсеткішім ойдағыдай болған жоқ. Екі оғым далаға кетті. Кеше күн райы суық болғанымен жарыс жолының сапасы жоғары еді. Бүгін керісінше. Соның салдарынан аяғым тез шаршап, жүгіру қиындай түсті. Әйтпесе, көрсеткішім бұдан жақсы болатын еді»,-деді Антон Башкиров Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Әйелдер арасында 6 шақырым жарыста Елизавета Белецкая (ШҚО) барлық нысананы дәл көздеп, мәреге 18 минут, 19,9 секундтан кейін жетті. Күміс медаль Надежда Пивовароваға (Алматы облысы), қола Екатерина Ланглицке бұйырды. Кейінгі екеуі 5 рет оғын дарыта алмай, чемпионға 3 минуттай есе жіберді.
«Бүгінгі көрсеткіш, шыны керек, мен ойлағандай емес. Кеше жел болса да екі рет мүлт кеттім. Бүгін 5 рет ұяшықты жаба алмадым. Ал шаңғымен жарыста бәрі ойдағыдай өтті. Күн жылы болғандықтан қатты еріп жатқан жерлер болды. Бірақ барынша айналып өтуге тырыстық. Шаңғыға керек жақпаларды қолданған екенбіз. Соның арқасында білінбеді. Екі күнгі жарысқа көңілім толады. Бапкеріммен сөйлестім. Ату айлағында әлі көп жұмыс істеу керегін айтты»,-деді Надежда Пивоварова.
Жасөспірімдер арасында Владислав Малыков (Ақмола облысы) топ жарса, Артур Каданцев (ШҚО) мен Ілияс Хасенов (Ақтөбе облысы) қалған жүлдеге қол жеткізді.
Қыздар арасында үздік нәтижені Яна Чупик көрсетті. Ол барлық оғын дәл тигізіп, 18 минут 51 секундта жарыс жолын бағындырды. Эвелина Мезенцева (Абай облысы) күміс, ал Мария Воробьева (Ақмола облысы) қола медаль иеленді.
«Кешегі жарыста мен өзімді дайындықта жүргендей сезіндім. Ал бүгін жарысқа дайын шықтым. Ату кезінде қателеспедім. Кешегідей қателіктер жіберген жоқпын. Біз осыған дейін Алматыда ролермен дайындалдық. Шаңғымен Щучинскке келгенде ғана жүгірдік. Енді келесі кезеңде бұдан жинақы өнер көрсетем», деді Яна.
Биылғы маусымдағы алғашқы жарысқа еліміздің 8 өңірінен 100-ден астам спортшы жиналды. Кубок нәтижесіне қарай келесі жылы Оңтүстік Кореяда өтетін жастар арасындағы қысқы Олимпиадаға баратын Ұлттық құрама жасақталады.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықБиатлоннан Қазақстан Кубогының 2-кезеңі аяқталды
Ақмолалық биатлоншылар ҚР Кубогының 2-кезеңін табысты бастады
Щучинскте биатлоннан ҚР Кубогының алғашқы кезеңі басталды