15.05.2023 | 08:57
Бөлісу:
Каратэшілер Марокко астанасында 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды
Бүгін Марокко астанасы Рабат қаласында WKF-каратэден Премьер-лига кезеңі мәресіне жетті. Ұлттық құрама спортшылары осы бәсекеде айтарлықтай нәтиже көрсетті. Отандастарымызға бұйырғаны 3 күміс және 1 қола медаль болды.
Кумите бағдарламасында Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева (+68 кг) мысырлық Хабиба Хелмиді айқын басымдықпен ұтып (4-1), Премьер-лигадағы 6-финалына шыққан. Шешуші жекпе-жекте тағы бір Олимпиада қатысушысы Аюми Уэкусамен күш сынасып, қарсыласына жол берді. Бұл әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы атанған жапониялықтың Премьер-лигадағы 13-медалі екен.
Жеңіл салмақта (50 кг) бақ сынайтын Мөлдір Жаңбырбай финалға дейін жақсы өнер көрсеткен. Алайда алтын үшін айқаста Каирдегі Гран-придің жеңімпазы Йоргелис Салазар (Венесуэла) қазақстандықтан бір бас жоғары екенін паш етті. Есеп: 10-6. Бұл Салазардың Премьер-лигадағы 3-жүлдесі.
Қазақстан құрамасының тағы бір каратэшісі Әсел Қанай (61 кг) финалда тунистік Вафа Маджубқа есе жіберіп, Қазақстанға 3-күміс медальді алып келді.
Ерлер арасындағы кумитеде Дидар Әмірәлі (67 кг) мен Абылай Төлтай (+84 кг) жартылай финалда сүрініп, қола жүлдеге ие болды.
Осы тұста Рабаттағы бәсекеге ең көп татами шебері (56 елден 374 спортшы) қатысқанын айта кету керек. Жалпы Премьер-лига кезеңіне әлем рейтингінде ТОП 30-ға кіретін спортшылар ғана қатысады. Мароккода барлығы еліміздің намысын 18 спортшы қорғады.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: