15.05.2024 | 13:17
Бөлісу:
Азияда қалған жалғыз жолдамаға кім иелік етеді?
16-27 мамыр аралығында Өзбекстан астанасы Ташкентте спорттық гимнастикадан Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Келе жатқан бәсекеде Қазақстан атынан Нариман Курбанов, Милад Карими, Дмитрий Патанин, Ильяс Азизов, Диас Тойшыбек, Фарух Набиев сынға түседі.
Қазір Қазақстан құрамасы сапынан Нариман мен Милад Париж Олимпиадасының жолдамасына қол жеткізген. Ал қалған гимнастарымыз құрлыққа берілген жалғыз лицензияға таласады.
«Біріншіден, біз өте жақсы дайындалдық. Спортты дамыту дирекциясы, федерация бар жағдайда жасады. Мақсат - тағы лицензияға иелік ету. Бізбен қатар Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореяның жолдама алған спортшылары тек жүлдеге таласады. Ал қалған командалардың көздегені лицензия ғана.
Осы жолы да командалық сайыста Олимпиада лицензиясына таласамыз. Сонымен қатар жекелеген снарядтарда көзге түссек дейміз. Атап айтар болсам, Дмитрий Патанин еркін жаттығуда, Ильяс Азизов көпсайыста жоғары нәтиже көрсетіп, жолдама алуға барын салады. Бүгінгі дайындықтағы көрсеткіштері жақсы. Кеткен қателіктерді түзесек, шамамыз келеді»,-деді Ұлттық құраманың бас бапкері Александр Ким Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Сұхбат барысында бас бапкер Ташкенттегі чемпионатқа бара жатқан еліміздің жастар құрамасына тоқталды. Александр Кимнің айтуынша, қазір бірнеше дарынды гимнастымыз тұрақты нәтиже тіркеп, бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.
«Бізде қазір мықты гимнастар қалыптасып келе жатыр. Жастар құрамасының аға бапкері Виктор Парошиннің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Нұртаң Ыдырысов, Роман Хигай, Артём Коволев, Алтынхан Темірбек, Владислав Бабушкин бізбен қатар Азия чемпионатында өнер көрсетеді. Мен атап өткен осы спортшының бәрі былтыр жастар арасындағы әлем чемпионатында жақсы көрсеткішке қол жеткізген. Былтырғы Азия чемпионатында Нұртаң мен Алтынхан жүлдегер қатарынан көрінгені бар. Осы жолы сол атағын қорғай алатынына сенемін»,-деді Александр Ким.
Суреттер: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: