18.05.2024 | 16:28

Нариман Курбанов – Азия чемпионы, Милад Карими – күміс жүлдегер

Бүгін Ташкентте өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында бірнеше жаттығу бойынша финал аяқталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Нариман Курбанов ат снарядындағы жаттығуда  15.600 ұпай жинап, алтыннан алқа тақты. Осылайша, ол екі дүркін Азия чемпионы атанды. Былтыр Сингапурда өткен Азия чемпионатында да Нариманға тең келер ешкім болмаған. Одан бөлек, қазақстандық атлет Дохада 2022 жылы күміс, 2023 жылы Сингапурде қола медальге қол жеткізген.

Жарыс қожайыны Абдулла Әзімов 2-орында (14 633 балл). Қола жүлде Иордания спортшысы Абу Әл-Соуд (14.633) уысында кетті. Милад Карими бұл жаттығуда 13.366 ұпаймен 7-орыннан көрінді.

Еркін жаттығуда Милад Карими күміс медаль (14.600 балл) жеңіп алды. Дмитрий Патанини 5-ші орынға табан тіреді. Алтын Филиппин өкілі Карлос Юлоның еншісінде (14,933 ұпай). Үздік үштікті қытайлық гимнаст Янжи Янг  (14.200) түйіндеді.

Ертең кермедегі жаттығудың финалында Милад Карими жүлдеге таласады.

Суреттер: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес