16.07.2024 | 19:04

ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫН 5 ТЕЛЕАРНА ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ КӨРСЕТЕДІ

26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтетін Франция астанасы Париждегі XXXIIІ Олимпиаданы Қазақстан аумағында көрсету құқығын отандық 5 телеарна иеленді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Қазақстандықтар ойындарды «Qazaqstan», «Qazsport», «Jibek Joly», «Хабар» және «Ел арна» телеарналарынан көре алады.

Олимпиаданы бес телеарнадан 26 комментатор жүргізеді. Олардың арасында Есей Жеңісұлы, Сергей Райлян, Лилиана Әлжанова, Ғалым Сүлейменов, Арман Абдрахманов, Жандос Айтбайұлы, Асхат Жақаев, Айдар Махметов, Ербол Қайыров сияқты тәжірибелі мамандар бар.

Париж-2024 XXXIIІ Олимпиадасына Қазақстан құрамасы 25 спорт түрінен 92 лицензия иеленді. Ел атынан 80 спортшы сынға түседі. Ал сайыстар кестесі қосымша жарияланады.

Олимпиада кезінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Хабар» агенттігінің арнайы түсірілім топтары жұмыс істейді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес