24.02.2023 | 20:20

Щучинск қаласында биатлоннан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтеді

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде 4-12 наурыз күндері Щучинск қаласында өтетін биатлоннан жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем чемпионатына дайындық барысына арналған баспасөз брифингі өтті.

Кездесуге Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы Самат Ерғалиев, Қазақстан биатлоншылар одағының президенті Ермек Кизатов пен одақтың бас хатшысы Манас Үсенов қатысты.

Сонымен қатар, тікелей байланыс арқылы Қазақстан биатлоншылар одағының өкілдері мен еліміздің жастар құрамасының спортшылары – Вадим Куралес пен Алем Қарабаева қосылды.

«Бүгінгі таңда спортшыларымыз биатлоннан халықаралық додаларда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Осы жақында ғана АҚШ та өткен Қысқы Универсиада ойындарында отандастарымыз Бекентай Тұрлыбеков пен Вадим Куралес спринтте және жекелей сында жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, Вадим Куралес Австриядағы жекелей жарыста жасөспірімдер Кубогының күміс медалін жеңіп алды. Мұның бәрі елімізде аталған спорт түрінің қарқынды дамып келе жатқандығын білдіреді.

Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды елімізде тұңғыш рет өткелі отырған биатлоннан жасөспірімдер арасындағы әлемдік додаға жанкүйер болуға шақырамыз. Спортшыларымызға қолдау білдіріп, спорттық мерекені бірге тамашалайық!» деді  Самат Ерғалиев.

Жаһанның ең мықты жас биатлоншылары бес түрлі дисциплина бойынша жарыстың жүлделерін сарапқа салады. Чемпионатқа 41 мемлекеттен 500-ге жуық спортшы қатысады.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасының негізгі құрамы Щучинск қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы Қазақстан Кубогының нәтижелері бойынша белгілі болады.

Чемпионат ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры Sport Qory, Ақмола облысының әкімдігі, сондай-ақ Қазақстан Биатлоншылар одағының қолдауымен өткізіледі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес