21.04.2023 | 16:45
Бөлісу:
Спорттық гимнастикадан жазғы Спартакиаданың алғашқы жүлдегерлері белгілі болды
Бүгін Алматы қаласында өтіп жатқан спорттық гимнастикадан VI жазғы Спартакиаданың алғашқы жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталып жатыр. Атап айтқанда, әр санаттағы көпсайыс пен командалық көпсайыстың үздіктері белгілі болды.
Көпсайыста спортшылар 2 күн қатарынан бөрене, еркін жаттығу, әр биіктіктегі қоссырық пен тіреніп секіру жаттығуын орындап, әр қайсынан ұпай жинайды. Үздіктер жалпы ұпай саны бойынша анықталады.
«Спорт шеберлері» арасында (қыздар) тартыс соңғы жаттығуға дейін жалғасты. Мұнда алматылық Арина Лебедева (99,480 балл) аз ғана айырмашылықпен Әмина Халимарденнен (Астана, 99,335 балл) басым түсіп, чемпион атанды. Үздік үштікті Медина Кененбай (Алматы, 98,530 балл) түйіндеді.
Ал спорт шеберлігіне үміткер гимнастар ішінде Медина Қапбасова (Қарағанды, 95,720 балл) тұрақты өнер көрсетіп, жеңіске жетсе, одан кейінгі орын Радмилла Тарасова (Алматы, 93,600) мен Амели Мукушеваға (Астана, 90,680) бұйырды.
Ересектер арасындағы І разряд, яғни 11 жасқа дейінгі гимнастар арасында Ульяна Пухова (Абай облысы, 102,350 балл) жарыстың шешуші күні Ева Тациевадан (Қарағанды, 101,080 балл) алтын медальді тартып алды. Қола жүлде аз ғана балл жетпей қалған тағы бір Абай облысының гимнасты Саида Қасымжанованың (100, 340) еншісінде кетті.
Жалпы қыздар арасында 4 жаттығуды қоса есептегенде командалық көпсайыста Алматы қаласы топ жарды. Олардың еншісінде 604,022 ұпай бар. Күміс жүлдеге Астана қаласы ие болса (589,605 балл), үздік үштікті Абай облысы 557, 698 ұпаймен түйіндеді. Айта кетейік, командалық көпсайыста әр өңірдің атынан 6 спортшыдан бақ сынайды.
«Спартакиада кезінде біраз гимнаст жақсы өнерімен көзге түсті. Бастысы, олардың комбинацияларының негізі қаланған. Десе де оларға әлі көп жаттығып, тыңғылықты жұмыс істеу керек. Тәжірибе жетіспей тұрғаны байқалады. Тағы шыңдала түссе, Ұлттық құрама деңгейіне жете алады. Ұзақ уақыт көш бастап жүрген Алматы қаласының командасына бұл жолы Абай облысы мен Астана қаласының гимнастары, әжептеуір, қарсылық көрсетті. Ел ішінде бәсекенің болғаны бәрімізге жақсы. Ұлттық құрамаға келер болсақ, осы жарыстан кейін біз бірден Мысыр астанасы Каирде өтетін Әлем Кубогы кезеңіне аттанамыз. Ол жерде гимнастар осында жетілдірген жаттығуларды жақсы орындай алады, деген сенімдемін»,-деді спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Надира Юнусова.
Төрт жылда бір өтетін Спартакиада жүлдегерлерін Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары, VI жазғы Спартакиаданың бас төрешісі Азамат Имашев, №9 Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Айсұлу Серікқызы және VI жазғы Спартакиаданың бас хатшысы Асқар Қадыров марапаттады. Ерлер арасындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер енді анықталады.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: