03.11.2022 | invalid

Футболдан Әлем чемпионаты шаңғымен тұғырдан секіруден маусымының ерте басталуына қалай әсер етті?

4-5 қараша аралығында Польшаның Висла қаласындағы Адам Малыш атындағы шыңда шаңғымен тұғырдан секіруден Әлем кубогының алғашқы кезеңі өтеді. Жалпы бұл осы спорт түріндегі ең ерте басталатын, әрі ұзаққа созылатын маусым болғалы тұр. Басталуы – 2022 жылғы 4 қараша, аяқталуы – 2023 жылғы 2 сәуір. Тағы Висламен қатар кейінгі 3 кезеңде алғаш рет шаңғышылар секірген соң қар төселген жолға емес, арнайы синтетикалық төсенішке қонбақ. Сондай-ақ алдағы күндері Польшада тұғырдан секіруден әйелдер арасындағы алғашқы ӘК кезеңі өтеді.

Адам Малыш шыңы

Бір қызығы, Польша шаңғы спорты ассоциациясының президенті Адам Малыш атындағы шың Әлем Кубогы кезеңін қабылдағанда кішігірім сенсация тіркеледі. Мысалы, 2017 жылы күтпеген жерден Дзюнширо Кобаяши (Жапония), 2018 жылы Евгений Климов (Ресей), былтыр Ян Херл (Аустрия) жеңімпаз атанған. Бұл үшеуінің карьерасындағы әлі күнге дейін Әлем чемпионатындағы алғашқы, әрі жалғыз жеңіс.

Алғашқы кезеңде Қазақстан құрамасы сапында Сабыржан Мүмінов, Данил Васильев пен Вероника Шишкина бақ сынайды. Бас бапкер – Қайрат Биекенов.

Маусым неге ерте басталады?

Халықаралық шаңғы спорты федерациясының (FIS) тұғырдан секіру жарыстарының директоры Сандро Пертиле 44-ші Әлем Кубогындағы өзгерісті былай түсіндірді:

«Катардағы футболдан әлем чемпионатымен тұспа-тұс келгендіктен осы шешімді қабылдадық. Қарашаның 20-сы мен желтоқсанның 18-і аралығында көптеген жанкүйер футбол көреді. Әсіресе, алғашқы аптада күніне 5 матчтан болады. Көптеген арна мен ФИФА арасында келісім барын ескерсек, ол кезде шаңғымен тұғырдан секіруге эфирде уақыт жетпейтіні түсінікті. Бір жағынан осы күнтізбе арқылы біз бұл спорттың мезгіл таңдамайтынын көрсетеміз»,-дейді.

Оның сөзінше, спортшылар қысқа дейін көктемде жүгіруге арналған пластик кілемшелері бар керамикадан жасалған жолақтарда, ал күзде мұз жолақтарда өнер көрсете алады. Бұл арқылы ол тұғырдан секіруді бірнеше төсеніште өткізуге болатын тенниспен салыстырыпты.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес